Бәйгені 2011 жылдың 16 маусымында «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Нокиа» компаниясының қолдауымен «Wikibilim» қоғамдық қоры жариялады.
Байқау қатысушыларына бірқатар талаптар мен шарттар қойылды. Мәселен, автор Википедияға кемінде 100 мақала жазуға міндетті, мақалалар қазақ тілінде болуы және нақты қайнар көздерге негізделуі тиіс, мәтіндер мен суреттер өзге сайттардан немесе басылымдардан көшіріліп алынбауы қажет. Байқаушылар осы сынды барлығы 10 шартты бұлжытпай орындауға міндетті.
Бәйге соңғы 100-ші адам анықталғанға дейін жалғасады. Осы күнге дейін, «100 мақала» бәйгесінде - Жезқазған қаласының тұрғыны, № 1 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Қалиева, «100 мақала» және «үздік мақала» аталымдарында - Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі, «Абдул Хамид Қаттани» орталық мешітінің ресми сайтының әкімшісі Ұлықбек Алиакбарұлы, сондай-ақ «үздік мақала» және «үздік редактор» аталымында - Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті Нұрсұлтан Хаймулдин жеңімпаздар атанды.
Мыңнан тұлпар шыққан авторлар ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарын алды. Мәселен, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтың айтуынша, «Wikibilim» қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, Ұ.Алиакбарұлына ноутбукты, қалта телефонын және «Нокиа» компаниясының ТМД және Оңтүстік өңір бойынша бас менеджері Карел Голубтың сертификатын табыс етті.