Жастардың ойын-сауық және білім фестивалін ұйымдастырушылар келешекте шараның аясын кеңейтіп, оны халықаралық деңгейге жеткізуді мақсат етіп отыр. Және оған есімдері әлемге әйгілі тұлғаларды қонақ ретінде шақыру жоспарлануда.
Арслан Дәрімовтің айтуынша, жастармен өз тәжірибесімен бөлісуге шақырылатын қонақтардың арасында Wikipedia-ның негізін қалаушысы Джимми Уэйлс бар.
«Біз Астанада Tech-ке бағытталған медиакоммуникациялық халықаралық форум ұйыдастыруды ойластырудамыз. Шараға айтулы еңбектерімен әлемге есімдері белгілі тұлғаларды шақыруды қарастырудамыз. Олардың қатарында Wikipedia-ның негізін қалаушысы да бар. Сол секілді өзге де танымал тұлғаларды қонақ ретінде шақырып, біздің жастармен өмірде еңбекпен жеткен жетістіктерімен бөліссе дейміз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, жай ғана мектеп оқушысы табысты әрі танымал тұлғадан өмірлік тегін дәріс-кеңес алады», - деді ол.
Ал Астанада өткен «Rockfest» фестиваліне қатысты айтқан Арслан Дәрімов, жастардың белсенділігін және олардың біліп-үйренуге деген жоғары ынтасын атап өтті.
«Бүгінгі шараның негізгі мақсаты - IT, медиакоммуникация және бизнес саласында өз ісін бастаймын немесе кәсібін енді бастаған жастарды біріктіру. Фестивальға аталған салалар бойынша жетістікке жеткен табысты тұлғалар келді. Олар өз ақыл-кеңестерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Шараға қатысқысы келген жастардың қарасы көп болды. Сондықтан іріктеу өткізіп, үздік деп танылғандарды шақырдық», - деді Арслан Дәрімов.
Астанада креативті жастарға арналған «Rockfest» фестивалі өтіп жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.