Wildberries-тің Алматыда салынып жатқан логистикалық орталығына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда ірі логистикалық орталық салып жатқан Wildberries компаниясы негізсіз қылмыстық процеске тартылудан қорғалды. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің араласуынан кейін компанияға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Фото: Сергей Савостьянов/ТАСС

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, инвестор комитетке салынып жатқан нысан аумағында тінту жүргізіліп, құрылыс техникасына мөр басылғанын айтып жүгінген. Бұл жағдай инвестициялық жобаның әрі қарай жүзеге асуына қауіп төндірген.

Комитеттің тапсырмасымен Алматы прокуратурасы қылмыстық істің тіркелуі мен қабылданған процестік шешімдердің заңдылығын тексерді.

Тексеру нәтижесінде құрылыс жұмыстары кезінде мердігер мен қосалқы мердігер арасында туындаған даудың азаматтық-құқықтық сипатта болғаны анықталды. Қылмыстық қудалауға негіз болмаған.

Комитет прокуроры Рауан Әлмішевтің айтуынша, прокуратураның жедел араласуы нәтижесінде инвестордың құқығы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде қорғалған.

— 2026 жылғы 2 қыркүйекте қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Сонымен қатар, кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді, — деді ол.

Комитет қылмыстық-процестік шараларды бизнеске қысым көрсету немесе инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіру құралы ретінде пайдалануға жол берілмейтінін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі Wildberries қойма кешенін ықтимал көшіру мәселесіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.