АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан клубтары арасында өтіп жатқан «Winter Cup» турнирінде «Ордабасы» клубы Семейдің «Елімайын» ірі есеппен жеңді.
Аталған турнир алғаш рет футболдан Қазақстан клубтары арасында өткізілуде. Түркияның Белек қаласында жалауы желбіреген жарысқа еліміздің «Ордабасы», «Тобыл», «Ақтөбе» және «Елімай» клубтары қатысады.
Бүгінгі кездесуде шымкенттік клуб сапынан Сергей Малый, Асхат Тағыберген, Владислав Васильев, Всеволод Садовский мергендік танытты. Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсті.
Енді 20:00-де «Тобыл» мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ал, 3-орын үшін кездесу 21 ақпан күні 15:00-ге, финалдық ойын сол күні 20:00-ге белгіленген.
Жаңа маусым алдындағы турнир барысында 100 миллион теңге сарапқа салынады. Доп додасының жеңімпазы 60 млн теңгеге ие болса, екінші орын алған клуб 40 млн теңгеге қол жеткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.