World Boxing: Азия чемпионатында қазақстандық төрт боксшы финалға шықты

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - World Boxing аясында Таиланд астанасы Бангкок қаласында 19 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында бүгін қазақстандық төрт боксшы финалға шықты.

Ел құрамасынан Тимур Тайбеков (80 келі) түркіменстандық Сапаргелді Нурягдыевпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы басымдықты танытты. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен Тимур Тайбеков жартылай финалға жолдама алды. 

Ал Бибарыс Аширбай (70 келі) ширек финалда моңғолиялық Баттумур Ньям-Очирмен кездескен еді. Ол қарсыласын алғашқы раундта бір, екінші раундта екі мәрте нокдаунға жіберді. Осылайша ол моңғолиялық боксшыны уақытынан ерте тізе бүктірді. 

Сондай-ақ ел құрамасынан Нұрсұлтан Шілдебай (75 келі) таиландтық боксшы Такла Сангпакпен кездесті. Ол алғашқы екі раундта қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберіп, жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. 

Ел құрамасынан Әділет Тортубек (60 келі) те тайвандық Шен Чик Куоны жеңіп, жартылай финалға шықты. 

Бүгін Нұрсұлтан Кыстаубай (85 келі) қырғызстандық Азирет Автандилов, Расул Асанханов (90 келі) ирандық Арвин Шахбаикутенаимен шеберлік байқасады.. 

Енді 19 жасқа дейінгілер жартылай финалда 8 тамыз күні сынға түссе, финал 10 тамызға белгіленген. Ал 22 жасқа едйінгілер арасындағы финал 12 тамыз күні болады. 

Құрлықтық дода 30 шілде-12 тамыз аралығына белгіленген. Оған 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Въетнам, Бутан бар.

Еске салсақ, бұдан бұрын World Boxing аясында Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында бүгін қазақстандық бес боксшы финалға шықты.