АСТАНА. KAZINFORM - Бразилияда өтіп жатқан бокстан World Boxing аясында әлем кубогының бірінші кезеңіндегі екінші жарыс күні, 1 сәуірде ел құрамасынан бес спортшы шаршы алаңға шығады.
Дүбірлі додада ел құрамасынан Талғат Сырымбетов (60 келі) бразилиялық Луис Оливейра, Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) үндістандық Нарендер Нарендер, Нұрзат Оңғаров (50 келі) өзбекстандық Асылбек Жалиловпен кездеседі.
Ал Алмат Әбдуали (65 келі) бразилиялық Юри Рейс, Анита Адишева (54 келі) польшалық Виктория Рогалинскаямен шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, жекпе-жектер қазақстандық уақытпен 22:00, 02:00-ге белгіленген.
Сондай-ақ әлем кубогында еліміздің атынан ерлер құрамасында олардан басқа Дархан Дүйсебай (70 келі), Диас Молжігітов (80 келі), Дәулет Төлемісов (85 келі) сайысқа түседі.
Әйелдер құрамасынан Анитадан өзге Жазира Орақбаева (51 келі) мен Ұлжан Сәрсенбек (57 келі) бар.
Еске салсақ, ел құрамасынан Нұрсұлтан Алтынбек World Boxing аясында әлем кубогының жеңіспен бастады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.