АСТАНА. KAZINFORM - Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы жорығын Қазақстан құрамасынан Ертуған Зейнулинов (65 келі) аяқтады.
Отандасымыз ширек финалда Асахуджа Муидинхуджаевпен кездесті.
Өзбекстандық боксшы 2024 жылы Олимпиада чемпионы болса, 2023 жылы әлем чемпионы болды.
Қарсыластар тартысты жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде жеңіске өзбекстандық боксшы жетті.
Бүгін ел құрамасынан Алуа Балқыбекова (51 келі), Махмуд Сабырхан (55 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Виктория Графеева (60 келі), Елдана Талипова (80 келіден жоғары) жартылай финалға шықса, Нұрбек Оралбай (80 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Бибарыс Жексен (65 келі) жарыс жолын аяқтады.
Енді ел құрамасынан Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.