Өзінің сайлау алдындағы сөзінде GGG ең маңызды мәселе — бокс болашағы үшін күресуге дайын екенін мәлімдеді.
Ол федерацияға адалдық, ашықтық және спортшыларға басымдық беру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар өз манифестінің негізгі төрт бағытын таныстырды:
- спортшылар әркез бірінші орында,
- адалдық,
- инновациялар
- және қаржылық тұрақтылық.
Головкин федерация мүшелерінің қолдауымен World Boxing Халықаралық Олимпиада комитетінің толық сенімін қайтара алатынын және бокс спортын Олимпиадаларда — Лос-Анджелес 2028 және одан кейінгі ойындарда тұрақтандыра алатынын айтты.
— Көшбасшылық — адамдардың үстінен қарау емес, олармен қатар тұру, — деді ол.
Еске салсақ, бүгін Италияда World Boxing федерациясының президенті сайланады. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин үміткерлердің бірі ретінде таңдалды.