World Boxing: Гүлсая Ержан бокстан әлем чемпионатында ¼ финалға өтті

Фото: Қазақстан ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін, 8 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан Гүлсая Ержан (80 келі) 1/4 финалға шықты.

Отандасымыз 1/8 финалда литвалық Ивета Лесинскитемен қолғап түйістірді.

Жекпе-жек тартысты өтті. Қарсыластар бір-біріне көбірек соққы жұмсауға тырысты. Нәтижесінде төрешілер Гүлсаяның жеңіске жеткеніне қолдау білдірді. Ол ширек финалға жолдама алды.

Гүлсая Ержан Қызылорда облысы Қазалы топырағында дүниеге келген. 2022 жылы құрлықтық додада жеңімпаз атанды. Ал Сербияда өткен халықаралық турнирде күміс медаль алды.

2024 жылы ол Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

Енді ел құрамасынан бүгін Бейбарыс Жексен (60 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Аида Әбікеева (65 келі) шаршы алаңға шығады. 

Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өткізіледі. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.