World Boxing: Қазақстан атынан бокстан әлем кубогына кімдер қатысады

Фото: Қазақстан ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ерлер және әйелдер боксы құрамасы World Boxing ұйымдастыратын әлем кубогының финалына қатысатын спортшылардың аттарын жариялады.

Әлем кубогы үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында болса, одан кейін шілде айында Астана да жалауын көтерді. 

Енді беделді бәсеке 16-20 қарашада Үндістанның Нью-Дели қаласында өтеді.

Қазақстан атынан ерлер құрамасынан 8 боксшы, ал әйелдер құрамасынан 5 спортшы қатысады:

Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов төмендегі былғары қолғап шеберлеріне сенім артып отыр. Олардың қатарында Нұрзат Оңғаров (50 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Нұрбек Мұрсал (70 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Санжарәлі Бегалиев (80 келі), Сұлтанбек Айбарұлы (85 келі), Бекзат Таңатар (90 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) бар.

Бас бапкер Елдос Сайдалин еліміздің әйелдер құрамасында Ақбота Болат (48 келі), Жансая Рахымберді (51 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диана Мағауияева (80 келі), Әсел Тоқтасын (80 келіден жоғары) сынды боксшыларға сенім артты.

Еске салсақ, бұдан бұрын Астанада өткен әлем кубогында Назым Қызайбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Санжар Ташкенбай (50 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Ал ел құрамасынан Нұрбек Оралбай (80 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі) күміс алса, Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдені қанағат тұтты.

Сондай-ақ сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен бокстан әлем кубогында Дәулет Төлемісов (85 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Жазира Орақбаева (51 келі) чемпион атанды.

Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлдеге қол созды.