Ел құрамасынан жартылай финалда Асылхан Көшербай (65 келі) мен Даниял Райымбеков (85 келі) жеңіске жетіп, ақтық сайысқа жолдама алды.
Енді финалда Асылхан аустралиялық Купер МакКонеллмен шаршы алаңға шықса, Даниял уэльстік Дэниел Питтпен кездеседі.
World Boxing ұйымының біріншілігіне ел құрамасы төрт спортшымен келген еді. Олардың арасынан Ерасыл Аманғалиев (55 келі) пен Диас Серікұлы (70 келі) жарыс жолын ерте аяқтауға мәжбүр болды.
Айта кетсек, биыл Қазақстан бокс федерациясы ұзақ талқылаулар мен сараптаманың нәтижесінде маңызды шешім қабылдады. Қазақстан World Boxing ұйымының қатарына қосылу үшін ресми өтініш берді. Бұл шешім бірінші кезекте отандық боксшылардың Олимпиададағы болашағымен тікелей байланысты болып отыр.
Әлем чемпионаты 2 қарашаға дейін жалғасады.
Еске салсақ, Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин World Boxing ұйымы өткізіп отырған тұңғыш әлем чемпионатының ашылуына қатысты.