World Boxing құрамына қабылданған елдердің саны 175-ке жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Бұл ұйымды Халықаралық олимпиадалық комитеті мойындаған. Ұйымға дүниежүзілік көптеген спорттық шараны ұйымдастыру міндеті жүктелген.

Фото: Қазақстан ҰОК

World Boxing Атқарушы комитеті Антигуа және Барбуда, Камерун, Кюрасао, Габон, Гренада, ОАР, Вануату бокс федерацияларын ұйым құрамына қабылдауды мақұлдады.

Жаңа мүшелікке өтініш берген федерациялар қатаң іріктеу кезеңінен өтті. Олар басқару жүйесінде ашық әрі әділ сайлау өткізетінін дәлелдеді.

Сондай-ақ олар Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) талабына сай антидопингтік саясатты ұстанатынын көрсетті. Сонымен қатар, дауларды шешу және апелляция беру жүйесінің тәуелсіз немесе сыртқы бақылаумен жүзеге асатыны расталды.

Халықаралық федерация 2023 жылы сәуір айында құрылды. 2025 жылдың қараша айында бұл ұйым тізгінін қазақстандық тәжірибелі маман және белгілі боксшы Геннадий Головкин ұстады.

Оның өкілеттік мерзімі 3 жылға созылады. Яғни, Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін жалғасады.

Оған дейін аталған қызметті нидерландтық Борис ван дер Ворст атқарған еді. 

Биыл федерация тарапынан ұйымдастырылатын көптеген спорттық шаралар енгізілген. Олардың қатарында Азия және Еуропа чемпионаттары, жазғы Азия ойындары бар. Сондай-ақ World Boxing өткен жылдағы секілді әлем кубогын өткізуді жоспарлап отыр.