World Boxing: Сағындық Тоғамбай бокстан әлем чемпионатында ширек финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін, 8 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан Сағындық Тоғамбай (90 келі) 1/4 финалға шықты.
Отандасымыз 1/8 финалда ирландиялық Джек Майкл Марлимен қолғап түйістірді. Алғашқы екі раундта Сағындық белсенді қимыл көрсетті. Нәтижесінде қазақстандық боксшы ширек финалға шықты.
Сағындық Тоғамбай 2001 жылы 15 ақпанда Астана қаласында дүниеге келген. 2024 жылы Азия чемпионы атанса, 2022 жылы Жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер болды.
Айта кетсек, бұдан бұрын бүгін ел құрамасынан Төрехан Сабырхан (70 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Енді ел құрамасынан бүгін кешкі сессияда Бейбарыс Жексен (60 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Аида Әбікеева (65 келі) шаршы алаңға шығады.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтеді. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.