World Tennis: Халықаралық теннис федерациясының атауы өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — 1913 жылдан бері теннистің әлемдік басқарушы органы болып келген Халықаралық теннис федерациясы (ITF) өзінің атауы мен брендін ресми түрде өзгертетінін жариялады.

Фото: ҚТФ

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, енді ұйым World Tennis деп аталады. Ребрендинг ұйымның жаңа даму кезеңінің басталғанын білдіреді. Бұл барлық жастағы әрі әр түрлі дайындық деңгейіндегі адамдарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі болып саналады.

World Tennis президенті Дэвид Хаггерти жаңа атау ұйымның жаһандық миссиясын және бүкіл әлемде теннистің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге деген ұмтылысын айқын көрсететінін атап өтті.

— Бүгін біз әлемдік теннистегі рөлімізді қайта пайымдап, осы тамаша спорт түрінің берік әрі тұрақты болашағын қамтамасыз етуге деген адалдығымызды тағы бір мәрте көрсету мүмкіндігіне ие болып отырмыз. World Tennis біздің кім екенімізді, жаһандық ауқымымызды және бірегей миссиямызды білдіреді. Біздің мақсатымыз — 214 ұлттық қауымдастықпен және теннис қауымдастығының барлық өкілдерімен бірлесе отырып, әлемнің түкпір-түкпірінде теннисті дамыту. Бұл осы спорт түрінің бұқаралылығын арттырып, болашақ жұлдыздардың қалыптасу жолын одан әрі жетілдіруді және жасына, жынысына немесе шыққан тегіне қарамастан, баршаның тенниске қолжетімділігін кеңейтуді көздейді, — деді Д. Хаггерти.

Жаңа стратегия аясында World Tennis қызметінің бес негізгі бағытын айқындады. Атап айтқанда, тенниспен айналысатын адамдар санын арттыру, болашақ жұлдыздарды даярлау жүйесін дамыту, ұлттық құрамалар арасындағы командалық турнирлерді нығайту, инновацияларды енгізу және спорттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, әлемдік тенниске қосымша инвестициялар тарту.

Сонымен қатар ұйым жыл сайынғы кірісінің кемінде 85 пайызын 214 ұлттық қауымдастық арқылы теннисті дамытуға қайта инвестициялауды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, World Tennis 2035 жылға қарай әлемде теннис ойнайтын адамдар санын 106 миллионнан 140 миллионға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл көрсеткіштің 30 пайыздан астамға өсетінін білдіреді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Польшадағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.