Халықаралық додаға әлемнің 70-тен астам елінен 1400-ге жуық жас маман қатысқан. Қазақстандық жеңімпаздар жетістікке қалай жеткенін Jibek Joly арнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында айтып берді.
Солардың бірі — графикалық дизайн шебері Бағыжан Қойшыбаев. Оның айтуынша, халықаралық жарыс төрт күнге созылып, бұл бағытта 29 елдің өкілі бақ сынаған.
— Соның ішінде Қазақстан жақсы нәтиже көрсетті. Шығармашылық жолымда бірегей, есте қаларлық және функционалды дизайндар жасаумен айналысамын. Мектеп кезімнен басталған қызығушылығым осы жетістікке жетеледі, — деді Бағыжан Қойшыбаев.
Ал «Цифрлық интерактивті медиа дизайны» құзыреттілігінде сынға түскен Камила Әлиева «Best of Nation» марапатына ие болды. Аталған бағыт бойынша сегіз ел сайысқа қатысып, Қазақстан бесінші орынға тұрақтаған.
— Кәсіби білім беру мен жас мамандардың шеберлігін арттыруға арналған жаһандық деңгейдегі алаңда жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Жарысқа 48 күн үзбей дайындалған едім, барлығы ойымнан шықты. Бұл — жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастар үшін мүмкіндік, — деді Камила Әлиева.
Қазақстандықтардың жүлдесі мұнымен шектелмейді. Чемпионатта тағы бірнеше жас маман кәсіби шеберлігін дәлелдеп, медаль иеленді. Атап айтқанда, Ағыбай Мұхаметжан «Веб-технологиялар», Нодирбек Рустамханов «Сантехника және жылыту», Вадим Витковский «Дәнекерлеу технологиялары», ал Дарья Мельник «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреттіліктері бойынша жүлдегер атанды. «Мехатроника» бағытында Рамазан Нұрлан мен Денис Панин командалық есепте медаль еншіледі.
Жарыстағы ел үшін тағы бір маңызды нәтиже — жаңа технологиялық бағыттағы жүлде болды. «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі әлем чемпионатының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп, осы бағытта Руслан Нестеренко қола жүлде еншіледі.
Еске салайық, Азия ойындарының бүгінгі кестесінде қазақстандық төрт боксшы шаршы алаңға шығады.