Сайыс кәсіби шеберліктің он түрі бойынша Тараздағы төрт колледж алаңында бір мезгілде өтеді. 60 студент қатысатын чемпионатты 80 сарапшы қадағалайды.
Шеберлік алаңдарын Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, Тараз химия-технологиялық колледжі, №13 Теміржол колледжі мен Тараз қызмет көрсету және технология колледжі ұсынып отыр. Студенттердің «Аспаздық», «Дәнекерлеу технологиясы», «Шаш қию өнері», «Электромонтаж», «Плиткамен сыртқы әрлеу», «Веб-дизайн», «Ағаш шеберлігі», «Токарьлық жұмыстар», «Автомобиль жөндеу», «Киім дизайны» сияқты кәсіп түрлері бойынша біліктіліктері сыналады.
Чемпионатты техникалық және кәсіби білімді дамыту орталығының қолдауымен Жамбыл облыстық білім басқармасы ұйымдастырып отыр.
««WorldSkills Zhambyl-2018» облыстық чемпионатының мақсаты - жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту және осы салаға бизнес-қауымдастықтардың назарын бұру»,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.
Облыстық чемпионаттың жеңімпаздары «WorldSkills Kazakhstan» аймақаралық сайысына жолдама алады. Ең үздік мамандарға арнайы сертификаттар тапсырылады.