WSB жобасының финалы Астанада өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) VII маусымындағы «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» арасындағы финалдық жекпе-жек Астана қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін «Астана» президенттік клубтың баспасөз қызметі жариялады.
Аталған мәліметке сәйкес, қос команда арасындағы финалдық кездесу 15 шілде күні «Қазақстан» спорт кешенінде өтеді. Финалдық кездесулердің барлығы да бір күнде өтеді деп жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын «Астана арландарының» бас жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков ҚазАқпаратқа сұхбат беріп, «Куба алынбайтын тас қамал емес», - деп атап өткен болатын .
«Астана арландары» 2013 және 2015 жылдары чемпион атанды. Ал алғашқы 2011 жылы финалда Франция боксшыларына бір ғана есеп айырмашылығымен есе жіберіп, күміс медальді қанжығаға байлады. 2012, 2014 және 2016 жылдары үздік үштікті түйіндеп, қола медальға қол жеткізген болатын.