Мексиканың Канкун қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы матчында жеңіліп қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегулаға 5:7, 2:6 есебімен есе жіберді.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта Рыбакина 5 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 5 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Бакалар тобында әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко рейтингте 9-орында тұрған грекиялық Мария Саккариді 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
WTA қорытынды жарысына алғаш рет қатысып жатқан Е.Рыбакина келесі ойынын М.Саккаримен өткізеді. Содан кейін А.Соболенкомен кездеседі. Жартылай финалға шығу үшін қалған екі бәсекеде жеңуі қажет.
Өткен жылы осы додада жеңімпаз атанған франциялық Каролин Гарсия биыл бұған өте алған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның қарсыластары белгілі болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).