WTA қорытынды турнирі: Елена Рыбакина үшінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде өз тобындағы соңғы кездесуін өткізді. 

Фото: ҚТФ

Осыған дейін америкалық Аманда Анисимова мен Польша өкілі Ига Швентекті ұтқан қазақстандық теннисші Серена Уильямс тобынан жартылай финалға бірінші орынмен жолдама алған еді. 

Елена Рыбакина үшінші бәсекесін әлемнің 7-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен өткізуі керек еді. Алайда бұған дейін екі ойынында жеңіліс тапқан М.Киз ауырып қалуына байланысты матчтан бас тартты. Оның орнына кортқа әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова шықты.

Матч 6:4, 6:4 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына шешілді.

Бір сағат 13 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 8 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Александрова 6 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Елена Рыбакина жартылай финалда Штеффи Граф тобында екінші орын алған теннисшімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның жартылай финалға жолдама алғанын жазған едік