Қазақстанның бірінші, әлемнің-ракеткасы Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде жартылай финалға шыға алмады, деп хабарлайды Kazinform.
Бакалар тобындағы соңғы кездесуінде қазақстандық теннисші әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға 2:6, 6:3, 3:6 есебімен жол берді.
Жаңбырға байланысты кейінге қалдырылған матч екі сағат жарымдай уақытқа созылып, онда Е.Рыбакина 5 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. А.Соболенконың есебінде 6 эйс, 5 брейк (10 брейк-пойнт) бар.
Осылайша, WTA қорытынды турниріне алғаш рет қатысқан Елена Рыбакина өз тобынан жартылай финалға шыға алмай, 3-орында қалды.
Аталмыш жарыста қазақстандық теннисші 396 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакина – Арина Соболенко матчы кейінге қалдырылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Тунистегі турнирдің финалына жолдама алды.
Бейбіт Жұқаев АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).