www.egov.kz сайтына «Заң кабинеті» қосымшасын енгізу ұсынылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - www.egov.kz сайтына азаматтарға онлайн түрде тегін заңдық кеңес беретін қазақ тіліндегі «Заң кабинеті» және орыс тіліндегі «Юридический кабинет» деп аталатын осымша енгізу ұсынылды. Бұл туралы бүгін Астанада Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы азаматтарға құқықтық көмек көрсететін «Заң кабинеті» жобасының таныстырылымында Law Companies Group Lunev Waters компаниясының Бас директоры Илья Лунев айтты.

Оның айтуынша, www.egov.kz сайты бір апта ішінде 1 млн. 200 мыңнан астам рет қаралған, ал сайтқа кіргендер саны 68 500 маңайында болған.

«Бұл көрсеткіштен халық арасында ХҚКО арнайы сайттарын белсенді пайдаланушылардың артқандығын байқауға болады. Осындай тұлғаларға заңдық кеңестер қажет екені айтпаса да түсінікті. Ол үшін сайттың ішінде «Е-кеңес» қосымшасы жасалған, бұл қосымша арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін алу мүмкіндігі туындайды. Осыған орай, өкілетті мемлекеттік органға ьбіздің тарапымыздан www.egov.kz сайтына қазақ тілінде «Заң кабинеті» және орыс тілінде «Юридический кабинет» деп аталатын қосымша енгізу ұсынылды. Бұл парақшада заң компаниясы онлайн режимде құқықтық мәселелерге байланысты кеңестер бере алады», - дейді И. Лунев.

Оның айтуынша, аталған қосымша «Заң кабинеті» жобасының пәрменділігін арттыруға, тұлғалардың құқықтық сауаттылығын жақсартуға, сонымен қатар, құзырлы мекеменің өзге де мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, қазір ХҚКО-ларға келушілерге тегін заңдық кеңес беретін «Заң кабинеті» жобасының бастапқы кезеңі еліміздің бірқатар облыс орталықтарында іске қосылды. Олар Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалалары. Алдағы уақытта «Заң кабинеті» еліміздің барлық аймақтарын қамтып, аудандық деңгейде қызмет көрсетеді деген жоспар бар.

Заң кабинетінің жұмыс істеу тәртібі ХҚКО-ның күн тәртібіне сәйкес сенбі, жексенбі күндерден өзге күнделікті сағат 9:00-20:00 аралығында.