XIV қысқы Паралимпиада ойындарына СҚО-дан 5 спортшы қатысады

Фото: Қуанар Әбдірахманов

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Италияда өтетін 14-ші қысқы паралимпиада ойындарына спортшыларды салтанатты түрде шығарып салды. 

Облыстық әкімдікте өткен іс-шараға олимпиадаға атанғалы отырған спортшылар, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері қатысты.

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, 6-15 наурыз аралығында Италияда өтетін XIV қысқы Паралимпиада ойындарына еліміз жалпы 10 лицензия алса, соның жетеуін СҚО спортшылары иеленіп отыр. Оның бесеуі – шаңғы жарысы, екеуі – биатлон бойынша.

Ұлттық команда құрамында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Владислав Кобаль өнер көрсетеді. 

– Бұл орасан еңбек пен табандылықтың нәтижесі, әрі баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Біздің спортшылар лайықты өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. 17 ақпан күні қосымша қатысушылар туралы хабарланады. Оған біздің Денис Зинов енеді деген үміттеміз. Сіздерді жеңіп алған лицензияларыңызбен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз бен жеңіске деген ынталарыңыз қайсар рух пен асқақ мақсатқа ұмтылысты көрсетеді. Сіздердің жеңістеріңіз спорттағы жетістік қана емес, барлық қоғамға қиындықты жеңудің үлгісі, - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Фото: Қуанар Әбдірахманов

Сондай-ақ XХV қысқы Олимпиада ойындарына солтүстікқазақстандық спортшы Надежда Морозова конькимен жүгіруден қатысады. 

Өңір басшысының айтуынша, облыста инклюзивті спортты дамытуға барлық жағдай жүйелі түрде жасалып келеді. Мүгедектігі бар адамдардың «Үміт» клубы жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» корпоративтік орталығы және «Қазақстан халқына» корпоративтік қорының қолдауымен Петропавлда спорттық-сауықтыру орталығын салу жоспарланған. 

Бұған дейін ХОК қысқы Олимпиада ойындарының мерзімін ауыстыруды қарастырып жатқанын жазған едік.