XV Паралимпиада ойындарының жүлдегері Раушан Қойшыбаева: Менің жеңісім - тәуелсіздігімізге тарту

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жыл біздің еліміз үшін өте табысты жыл болды. Әсіресе, спорт саласы үшін жетістіктерге толы жыл болды деуге болады. Олай дейтініміз, өзге спорт түрін былай қойғанда XV Паралимпиада ойындарының өзінде бұрын-соңды болмаған биіктерді бағындырдық. Соның дәлелі - Зүльфия Ғабидуллинаның тарихи алтыны және Раушан Қойшыбаеваның күмісі. Біз бүгін сол Рио-де-Жанейро қаласына өткен XV Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Раушан Қойшыбаеваның шағын сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Осы орайда айта кететін жайт, Раушан барлық қатысушылар арасындағы ең жасы ересек спортшы. Ол 1966 жылы туған. Раушан 1990 жылы ауыр жарақаттан соң екі тізесінен айырылған. Содан бері мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында. Пауэрлифтингпен 2010 жылдан бері айналысады. 3 бала тәрбиелеп отырған ана.

- Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына сізде тарихи жеңісіңізбен үлес қостыңыз. Жүлдегер болған кезіңіз есіңізден кетпейтін де болар?


- Ол мәңгі есімнен кетпейтіні анық. Риоға аттанар кезде өздеріңіз білесіздер, бізді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдап, ақ жол тілеп шығарып салған болатын. Сол кездесу жеке өз басыма үлкен қуат беріп, маңызды міндет жүктеді. Бұрын білесіздер ғой, Паралимпиадашыларға деген көзқарас немқұрайлы болатын. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» - дегендей біздің министріміз Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевтардың атсалысуымен мүгедек спортшыларға деген ықылас артып, жұмыс өте жоғары деңгейге көтерілді. Риода жарыстың алдында әрине қатты қобалжыдым. Себебі артымда қалған ел үміт артып отырғанын сезінесің, бапкерлердің, басшылықтың, үкіметтің жасап отырған еңбегін ақтау керек. Жарыс кезінде  сол жақта жүрген біздің делегация мүшелері де жаны қалмай қолдау көрсетті.

- Сол кездегі қуанышыңызды қазір тілмей айтып жеткізе аласыз ба?


- Жеткізе алмайтын шығармын. Ең бастысы Қазақстанды әлемге танытуға өз үлесімді қоса алғаным үшін өзімді бақытты спортшымын деп есептеймін. Паралимпиада ойындары аяқталып елге оралғанда, жанұшырып, қуаныштары қойнына сыймай әуежайдан күтіп алған ағайынды көргенде көзіме жас үйірілді. Ол қуаныштың жасы болатын.

- Бұл жеңісіңіз тәуелсіздіктің 25 жылдық мерей тойымен тұспа-тұс келгенін мақтан тұтатын боларсыз?


- Әрине, менің жеңісім тәуелсіздігімізге тарту болды. Осы еңбегіміз бағаланып, біз бәсекеге түсіп жатқан кезде министрлік пен Паралимпиада комитетінің басшылары мүмкіндігі шектеулі спортшыларға берілетін ақшалай сыйақының көлемін Олимпиада ойындарының жеңімпаздарының сыйақысымен теңестіру жұмысын қолға алған екен. Біз елге келгенде Үкімет, министрлік және Паралимпиада комитеті бұл жұмысты аяқтап қалдық, енді сіздер Олимпиадашылармен бірдей сыйақы аласыздар дегенде қалай қуанғанымды білсеңіздер ғой. Бұл мен сияқты көптеген мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа тартылып, салауатты өмір салтына бет бұруына үлкен серпіліс беретін сауапты іс.

- Тәуелсіздік мейрамын қалай атап өткелі жатырсыз?


- Өте жоғары көңіл-күймен қарсы алудамын. Себебі, біздің осы жеңісіміздің барлығы ел Тәуелсіздігінің арқасы деп білемін. Биылғы біздің жеңісіміз тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына тарту болды. Паралимпиадашылардың сыйы - жақсы жетістіктер еді. Риоға барған 11 спортшының әрқайсысы барын салып сынға түсті.

Мерекеміз құтты болсын, ел мерейі үстем болып, Қазақстанның абыройы асқақтай берсін, халқымыз аман болып, құдай бізді тыныштығынан айырмасын деген тілегім бар.