XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 100 күн қалды

АСТАНА.ҚазАқпарат - 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына 100 күн қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) хабарлауынша, 1 қараша күні 19:00-де Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп елордада «Олимпиада ойындарына дейін 100 күн» акциясын өткізеді. Шараның басты мақсаты - Олимпиадада ел намысын қорғайтын отандық спортшыларды қолдау.

Айта кетерлігі, Оңтүстік Корея 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу мәртебесін 2011 жылдың 6 шілдесінде Халықаралық Олимпиада комитетінің Дурбандағы 123-сессиясында жеңіп алды. Бұл Корея Республикасының алғашқы, Азия құрлығында үшінші қысқы Олимпиада ойындары болып отыр. Ал бұған дейін Жапонияның Саппоро (1972) мен Нагано (1998) қалалары екі рет қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған еді.

Пхенчхан қысқы Олимпиаданы өткізуге үш рет өтініш білдіріп, 2010 жылы Ванкуверге және 2014 жылы Сочи қаласына жол берді.

2018 жылғы Олимпиада ойындарына 95 ұлттық Олимпиада комитетінің атынан 2 900 спортшы қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, қысқы спорттың 15 түрінен жалпы 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Еске сала кетейік, XXIII қысқы Олимпиада ойындары алауы 2018 жылы 9 ақпан күні Пхенчхан қаласында тұтанады. Әлем додасы 25 ақпанға дейін жалғасады.