Ы. Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына - 80 жыл

АСТАНА.  3 қараша. ҚазАқпарат - Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына 80 жыл толып отыр.

Осыған орай, аталмыш институтта «Қазақстанда және шет елдерде күріш шаруашылығын дамытудың ғылыми-инновациялық негіздері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгроИнновация» АҚ және Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұымдастыруымен өтіп жатқан шараға Қазақстанның жетекші ғалымдары, АӨК мекеме басшылары мен мамандары, Ресей мен Өзбекстанның жетекші Халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысуда. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Конференцияның мақсаты - ғылыми жетістіктермен және озық тәжірибемен, ақпаратпен алмасу, Қазақстанда және шет елдерде күріш шаруашылығы тұрақты дамытудың басым бағыттары - селекциялық жұмыстар, топырақ құнарлылығын сақтау және арттыру, органикалық және минералды тыңайтқыштар қолдану, су және энергия қорларын тиімді пайдалану, әртараптандыру дақылдарының өсіру технологиясы, ауыспалы егістерді игеру, малазықтық дақылдарды зерттеу және суармалы егіншіліктің экологиялық мәселелері бойынша нақты ұсыныстар дайындау.

Тоқтала кететін жайт, институт ғалымдары әр жылдары аудандастырылған ауыл шаруашылығы дақылдарының 12 сортына патенттер және авторлық куәліктер, 36 өнертапқыштық патент  алды, 6 ғылыми еңбектер жинағы баспадан шығарылды. Қызылорда облысы ауыл шаруашылығының барлық салалары бойынша соңғы ғылым мен техника жетістіктерін қамтыған «Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өндірісін өркендету жайлы ұсыныстар» үш қайтара басылып шықты. Институт ғалымдары дайындаған технологияларды өндіріске енгізу жайлы 135 ұсынымдар мен әдістемелік нұсқауларды шығарды. Күріштің 7 сорты аудандастырылды. Оның ішінде Маржан сорты еліміздегі күріш егісінің жартысынан астамына егіліп, шет елдерде кеңінен танылған.

Тәуелсіздік жылдарында жақсы дамыған бағыттардың бірі Қазақстанның күріш ауыспалы егістеріне арналған жаздық арпа мен көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптердің құрғаққа төзімді сорттарын шығару бойынша селекциялық жұмыстар. Нәтижесінде жаздық арпаның «Сыр Аруы» және «Іңкәр» сорттары, жоңышқаның «Түркістан 15» сорты, түйежоңышқаның «Приаральский 19» сорты шығарылды.

Ауыл шаруашылығы айналымынан шыққан, күріш жүйелерінің тұзды жерлерін тиімді пайдалану бойынша зерттеулер қарқынды жүргізілуде, Арал өңірінің тұзды топырақтарында көкөніс дақылдарын өсірудің оңтайлы технологиялық параметрлері дайындалды, аймақтың экстремальды жағдайында өсіруге бейімделген, тұтынушылар қажет ететін көкөніс дақылдарының тұзға төзімді түрлері анықталды.

Институттың Халықаралық күріш институтымен (IRRI)  Бүкілресейлік күріш институтымен, Өзбек күріш институтымен, Каир ауылшаруашылық институтымен, Korea International Cooperation Agency - Оңтүстік Корея, Италияның «Агротехника» фирмасымен ғылыми байланыстар аясында күріш және күріш ауыспалы егісі дақылдарының гендік қорын толықтыру мақсатында сортүлгілерімен алмасу жүргізілуде.