Ядролық нысандарға жасалған шабуылдар көбейіп барады – БҰҰ Бас хатшысы

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ядролық нысандарға жасалып жатқан шабуылдардың көбейіп, ядролық қарудың таралу қаупі артып келе жатқанын ескертті, деп хабарлайды Иорданияның Petra агенттігі .

Фото: Petra

Гутерриш әлем ядролық энергетика саласындағы төңкерістің алдында тұрғанын, сондықтан бұл үдерісті мұқият басқару мен бақылау қажет екенін айтты.

БҰҰ жаңалықтар қызметінің мәліметінше, Гутерриштің мәлімдемесін оның атынан Венадағы БҰҰ кеңсесінің (UNOV) Бас директоры Моника Джума Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) 70-ші Бас конференциясында оқыған.

БҰҰ Бас хатшысының айтуынша, конференция әлемдегі тұрақсыздық пен белгісіздік күшейген тұста өтіп жатыр. Бұл ретте ядролық нысандарға шабуылдар көбейіп, ядролық тежеу тетіктері мен қауіпсіздік кепілдіктері әлсіреп барады.

Гутерриш МАГАТЭ-мен толық ынтымақтастық орнатуға шақырып, Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін тексеру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол агенттіктің Украинадағы Запорожье атом электр станциясында ықтимал апаттың алдын алуға бағытталған жұмысын қолдауға үндеді.

БҰҰ басшысы МАГАТЭ-нің кәсібилігі, бейтараптығы және техникалық біліктілігі әлем үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ол мүше мемлекеттерді агенттікке өз мандатын орындауға қажетті қолдау көрсетуге шақырды.

Гутерриш ядролық технологиялардың дамуға және бейбітшілікті нығайтуға қызмет етуін қамтамасыз ету үшін МАГАТЭ мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуді көздейтінін айтты.

Бұған дейін БАӘ-дегі Барака атом электр станциясының маңында дрон соққысынан өрт шыққаны хабарланған еді.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады.

Ал швейцариялық сарапшы Қазақстан ядролық қаруды жою бастамаларында көш бастап келе жатқанын айтты.