Ядролық соғыс салдарын зерттейтін тәуелсіз ғылыми сарапшылар тобы құрылды

Фото: ОДВЗЯИ

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ядролық соғыстың жергілікті, өңірлік және жаһандық деңгейдегі физикалық және әлеуметтік салдарын зерттейтін тәуелсіз ғылыми сарапшылар тобын құру туралы мәлімдеді.

Бұл 21 сарапшыдан тұратын топ қоғамдық денсаулық сақтау, экожүйелер, ауыл шаруашылығы және жаһандық әлеуметтік-экономикалық жүйелерге ядролық соғыстың ықтимал әсерін жан-жақты зерттемек. Айта кетейік, БҰҰ осындай салалар арасындағы кешенді зерттеуді соңғы рет 1988 жылы жүргізген болатын.

Топтың құрылуы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына негізделген. Сарапшыларды тағайындау — қазіргі жаһандық ахуалға жауап. БҰҰ мәліметінше, ядролық соғыс қаупі қырғи қабақ соғыстан бергі кезеңде болмаған деңгейге жеткен. Ядролық қару қысым көрсету құралына айналған, арсеналдар күннен күнге жаңартылып жатыр. Ядролық қаруланудың жаңа жарысы шындыққа айналып, тежеу жүйелері әлсіреген.

Топ құрамына әртүрлі ғылыми салаларды қамтитын жетекші сарапшылар енген. Олар ақпарат жинауда халықаралық және өңірлік ұйымдардан, азаматтық қоғамнан және зардап шеккен қауымдастықтардан деректер алуға ұмтылады. Топта әлемнің барлық аймағынан өкілдер бар.

Сарапшылар алғашқы кездесуін қыркүйек айында өткізіп, 2027 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясына қорытынды баяндама ұсынатын болады.

Бұған дейін Түрікменстан ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімге қосылуды қарастыратынын хабарлаған едік.