«Ядролық технологиялар паркі» Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің қарамағына өтті

Фото: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Үкіметі «Ядролық технологиялар паркі» АҚ акцияларының 100% пакетін кейіннен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне бекітіп бере отырып, республикалық меншікке беру туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Ведомство атап өткендей, қабылданған шешім ядролық және радиациялық технологияларды одан әрі дамытуға, ғылыми және қолданбалы жобаларды үйлестіруді күшейтуге, сондай-ақ салалық инфрақұрылымды басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

— «Ядролық технологиялар паркі» АҚ радиациялық өңдеу, жеделдету технологиялары және өнеркәсіпте, медицинада және агроөнеркәсіптік кешенде қолданбалы ядролық шешімдерді енгізу саласындағы жобаларды іске асыруға арналған мамандандырылған алаң саналады. Интеграция Қазақстан Республикасының стратегиялық басымдықтарына сәйкес атом ғылымы мен технологияларының келісілген дамуын қамтамасыз етеді, — делінген хабарламада.

Осыған дейін «Болашақ» бағдарламасы аясында атом энергетикасы мамандары білім алатынын жазған едік.

Сонымен қатар, Премьер-министр атом энергетикасы саласындағы жобаларды бақылауда ұстауды тапсырды.