Ядролық державалар бүкіл әлем игілігі үшін жаппай қырып-жою қаруын қысқарту үлгісін көрсетулері тиіс - Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев

А. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - Ядролық державалар жаппай қырып-жою қаруларын қысқартудың үлгісін көрсетулері тиіс.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде-ақ ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан бүгінгі таңда да қарусыздандыру жөніндегі жаһандық науқанды жетістікке толтыру үшін барлық күш-жігерін салуда.

Бейсенбі күні Вена қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының отырысында ҚР Парламент Сенатының төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.

Ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі халықаралық жұмыстардың ең өзектілеріне арналған қазақстандық делегация басшысының сөзі Ассамблея аясында ЕҚЫҰ-ның Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі жалпы комитеті сессиясының күн тәртібінде қаралған маңызды сұрақтардың біріне айналды.

Бүгін ЕҚЫҰ ПА вице-президенті Қ.Тоқаев Ассамблеяның негізгі органы - Тұрақты комитеттің отырысында да спикер ретінде сөз сөйлейді.