Ядролық ғылымды ілгерілетуде эксперименттік базаны дамыту маңызды - Саясат Нұрбек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Біріккен ядролық зерттеулер институтының өкілдерімен кездесті. Онда елімізде ядролық ғылымды дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Саясат Нұрбек Қазақстан аталған институтпен ынтымақтасқта ғалымдарды даярлап, ядролық физиканың қазіргі заманғы мәселелері бойынша ірі халықаралық бағдарламаларға қатысып жатқанын атап өтті.

«Біріккен ядролық зерттеулер институты мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты Ядролық физика институты, Физика-техникалық институт, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 12 ғылыми тақырып бойынша жүзеге асырады. Жүзге жуық студент Біріккен ядролық зерттеулер институтында қос диплом бағдарламасы бойынша білім алды. Яғни, отандық ғылымға зор үлес қосылуда. Іргелі ғылымның ұстанымын одан әрі нығайту үшін эксперименттік жабдықтар базасын дамыту маңызды. Онсыз қолданбалы зерттеулер жүргізу мүмкін емес», - деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, басқосуға қатысушылар ірі зерттеу инфрақұрылымын, ғылыми қызмет пен кадрлар даярлау саласында ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.