Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу жөнінде мәлімдеуге Қазақстан басшысының саяси және моралдық құқығы бар - БҰҰ Бас хатшысы

None
әуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу жөнінде мәлімдеуге Қазақстан басшысының саяси және моральдық құқығы бар. Пан Ги Мун бұл пікірін бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Себебі, Сіздің халқыңыз және Сіз сондай апаттардың құрбаны болдыңыздар. Өз кезінде Қазақстан соның бәрін еңсере алды. Қазір аталмыш мәселелер бойынша Сіздер маңызды шешімдер қабылдау позициясында тұрсыздар», деді БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун.

Осы орайда БҰҰ Бас хатшысы жақында Вашингтонда антиядролық саммит өтетінін айта келе, «Менің ойымша, осы проблемалар туралы айтуға және ол проблемаларды басқа мемлекеттердің басшыларымен талқылауға Қазақстан басшысының көбірек моральдық құқығы бар», деді.

«Президент мырза, саммитте Сіз өз көзқарасыңызды білдірерсіз, мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде өз пікірімді айтамын. Егер Сіз бен біз позицияларымызды үйлестіре алсақ, көптеген нәтижеге қол жеткізе алар едік», деді БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан басшысына қаратып айтқан сөзінде.

Бұл ретте Пан Ги Мун Н. Назарбаевқа Семей полигонын жапқаны және Қазақстан аумағындағы бүкіл ядролық инфрақұрылымдарды жойғаны үшін алғысын білдірді. «Егер Сіздің көрегендігіңіз болмағанда, кім біледі, адамдар әлі күнге дейін полигонның зардабын тарта берер ме еді», деді ол.

Осы орайда, кеше Семейге жасаған сапары өзі үшін мол тәжірибе болғандығын айтқан Пан Ги Мун, Семей ядролық сынақтары салдарынан зардап шеккен миллиондаған адамдардың қайғы-қасіреті мен жарылыстың экологиялық салдары туралы айтуға тіл жетпейтінін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан басшысы Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру туралы идеяны көтергенін айтқан Пан Ги Мун, Қазақстан оны нақты өмірде іске асыра алғанын атап көрсетті. «Сіздер биыл ЕҚЫҰ төрағасысыздар. Келесі жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық жасайсыздар. Сіздер Таяу Шығыста да ядролық қарудан ада аймақ құру туралы ұсыныс жасай аласыздар. БҰҰ Бас хатшысы ретінде мен Сіздің бастамаларыңызды қолдаймын», деді Пан Ги Мун.