Yahoo-ге кибер шабуыл жасаған қазақстандық кінәсін мойындады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тағы Yahoo компаниясының желілеріне кибер шабуыл жасады деп айыпталған Қазақстаннан шыққан 22 жастағы Канада азаматы Карим Баратов өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі АҚШ-тың Әділет министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Баратов пен басқа да үш айыпталушы, (екеуі - РФ ФҚҚ қызметкерлері) Yahoo серверлеріне шабуыл жасағаны және тұтынушылар мәліметтеріне заңсыз қол сұққаны үшін айыпталып отыр.

Америкалық министрліктің хабарлауынша, Баратов түсінік беру кезінде ФҚҚ қызметкерлерінің тапсырысымен хакерлік қызметтерді жүзеге асырғанын, 2010-2017 жылдар аралығындағы тұтынушылардың 11000-нан астам есептік жазбаларын бұзғанын мойындады. 

Баратов әрқайсысында 10 жылға дейінгі мерзіммен бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін айыптаудың 8 тармағы бойынша кінәсін мойындады. Кінәсін мойындау туралы келісім аясында жазасын өтеу мерзіміне қоса Баратов өз құрбандарының шығынын өтеп беруге, сонымен қатар, қалған қаражаттан 2 250 000 АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін айыппұл төлеуге келісім берді. 

Бұрынғы қазақстандыққа қатысты сот үкімі 2018 жылдың 20 ақпаны күні аталған іс бойынша өтетін Сан-Франциско қаласындағы соттың келесі отырысында хабарланатын болады.

Сондай-ақ, Баратов Канадаға экстрадициялаудан бас  тартып, қазіргі уақытта Калифорния штатында қамауға алынды. 

Соңғы жаңалықтар