Якутияда Тимур Бекмамбетовтің «Ол - айдаһар» атты жаңа фильмінің түсірілімі аяқталды (ФОТО)
«Түсірілім жұмыстары ресми түрде аяқталды деп айтуға болады. Фильмнің монтаждалып, экранға шығуы желтоқсан айына жоспарланып қойса да, біз Якутияға фильмнің бастапқы кадрын жасау үшін келдік. Бұл кадрда айдаһарды шақыру рәсімі көрсетіледі. Түсірілімге айдаһарды шақыру рәсімін «өткізген» Якутияның үш актері қатысқан», - деп баяндады ТАСС тілшісіне «Базелевс» кинокомпаниясының баспасөз хатшысы Павел Гайков.
Оның айтуынша, қар айдаһарының суретін жасау үшін Ресейге ағылшын суретшісі, сноу-арт бағытының негізін салушы Саймон Бек келді.
Жалпы ауданы сегіз мыңнан астам шаршы метрді құраған қар картинасы үш күнде жасалды. Бек үш түрлі сурет жасады, ал ірі планда түсіру үшін айдаһардың алып басын бөлек бейнелеген.
6-7 сағатқа созылған түсірілім үшін якуттардың Айыы - Ус Хатын жоғары күштерге табынатын орны таңдалды. Фильм жұмыстары басталмас бұрын халық дәстүрі бойынша саха халқының бақсысы таң сәріде алғыс - рухтармен сөйлесу рәсімін өткізді.
«Якутск қаласында айдаһар суреті жасалған және түсірілім жүргізілген барлық күндері ауа райы тамаша болды. Бізге Құдайдың өзі көмектескен болар», - деді «Базелевс» түсіру тобының өкілдері.
Фильмді түсіру жұмыстары 2014 жазында Болгарияда басталған. Бір жылдың ішінде Мәскеуде павильондық түсірілімдер жүргізілген. Бұл кинолента айдаһарға айналып, бойжеткенді алып қашқан, содан кейін оған ғашық болған жігіт туралы баяндайды. Фильм прокатқа 3 желтоқсанда шығарылмақ, Мәскеуде премьерасы 24 қарашада өтеді.