Якутск қаласына таяу маңда мамонттың арғы тегінің қаңқалары табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Якутияның Ғылым Академиясы Жер бетінде 100 мыңнан астам жыл бұрын тіршілік еткен мамонттың арғы тегінің қаңқалары табылғаны туралы хабарлады.

Якутск қаласынан 30 шақырым жерде анықталған қалдықтар Ресей аумағында бұрын-соңды табылған көне жануарлар түрінің ең толық қаңқасы болды.

РИА Новости-дің нақтылауынша, мәселе Трогонтерий пілінің сүйектері туралы болып отыр. Осындай жануарлар ғаламшарда орта плейстоцен кезеңінде тіршілік еткен. Сүйектерді жергілікті тұрғындар тапты.

«Қазірдің өзінде-ақ оның жасы шамамен 45-тегі, онша ірі емес аталық болғанын айтуға болады. Қаңқаның биіктігі - үш метрден сәл асады. Оның азу тістері өте үлкен, диаметрі шамамен 18 см. Азуының әрқайсысының салмағы 75 келіден», - деп жазады Саха Республикасы Ғылым Академиясына сілтеме жасаған агенттік.