Ялтада ТМД мемлекет басшыларының бейресми кездесуі өтуде

None
ЯЛТА. Шілденің 10-ы. ҚазАқпарат. /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Украинаның Қырым Автономиялық Республикасының Ялта қаласында ТМД-ға мүше елдер мемлекет басшыларының бейресми кездесуі өтуде. Оған алты мемлекет басшылары қатысуда. Атап айтқанда,Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, РФ Президенті Дмитрий Медведев, Украина Президенті Виктор Янукович, Беларус Республикасың Президенті Александр Лукашенко, Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиев және Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян қатысуда.

Кездесуді ашқан Украина Президенті Виктор Янукович әріптестеріне бейресми кездесу өткізу жөніндегі өзінің бастамасына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

«Біз бүгін достық ахуалда достастықтың қызметі туралы пікірлер алмасу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Осындай пікір алмасулар ТМД елдерінің форматындағы бұдан былайғы ынтымақтастықты дамытудағы өз көзқарастарыңызды білдіруге, сондай-ақ барынша өзекті мәселелер бойынша ой қорытуға, сонымен қатар, ортақ шешімге келуге мүмкіндік береді» деді В. Янукович.

Украина Президенті бүгінгі кездесу барысында Достастық аясындағы экономикалық ынтымақтастықты жандандыру тетіктерін және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарларды талқылауды ұсынды.

«Экономикалық өзара іс-қимыл саласындағы басымдықтарды келісу біздің пікір алмасуымыздың нәтижесі болады деп үміттенемін. Дәл экономикалық ынтымақтастық Достастық қызметінің базалық бағыты ретінде айындалған. Бұның табысты дамуы көп жағдайда өзара қызығушылық тудыратын өзара іс-қимылдың басқа да салаларындағы жағдайға ықпал ететін болады» деді ол.

Украина басшысы жақында ғана өткен үлкен сегіздік пен үлкен жиырмалықтың қорытындысы да қатысушылар үшін қызығушылық тудыратынын атап көрсетті.

«Бүгінгі біздің кездесуіміз мемлекеттеріміздің көп тарапты байланыстарын дәйекті және сапалы дамыту үшін, ТМД форматындағы экономикалық ынтымақтасты дамыту үшін сындарлы және пайдалы болатындығына сенімдімін», деді В.Янукович.