Яна Легкодимова ісіндегі айғақтар қалай табылды — тергеушімен сұхбат

Фото: Атырау облысы ПД

АСТАНА. KAZINFORM — Яна Легкодимованың ісі Қазақстандағы ең резонансты қылмыстардың бірі болды. Қатыгездік, марқұмның денесі табылмаған жағдайда жүргізілген тергеу және сансыз жалған көрсетулер бұл істі ерекше күрделендірді. 28 жастағы тергеуші Темірхан Қажмұратов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында өтірік айғақтар мен үздіксіз іздеу жұмыстары қалай ел жадында қалған тергеуге айналғанын айтып берді.

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина үкімді жариялау кезінде тергеуші Темірхан Қажмұратовтың еңбегін атап өтті. Оның есебінде өңірдегі ең резонансты істер бар, олардың үшеуі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен аяқталғанын айтты.

— Яна Легкодимова ісі бойынша тергеуді бастаған сәт есіңізде ме?

— Эмоциялар… Сіз шок немесе қорқыныш туралы сұрап тұрсыз ба? Жоқ, біз талай нәрсені көрдік. Бірақ іс ашып, ал мүрде жоқ екенін көрген сәт — міне, сол шынымен теңселтіп жібереді. Денесіз кісі өлтіруді ашу мүлде бөлек деңгейдегі күрделілік екенін түсінесің. Бұл енді әдеттегі тергеу емес. Алғаш ойлағаным: «Оны табу керек. Ең болмаса бір белгісін».

— Тергеу қалай басталды?

— Оқиға орнынан. Подъездерді, камераларды, бүкіл жолды — үйден көлікке дейін — қарадық. Күдіктілерді, Янаның анасын сұрақ астына алдық. Одан кейін қала бойынша барлық бейнабақылауды қарап шықтық, Яна мен күдіктілердің жұмыс компьютерлерін тексердік, хат алмасуларын қалпына келтірдік, болжалды орындарды араладық, ішкі әскер сарбаздарымен бірге іздеу жүргіздік. Бұл әр сенбі және жексенбі күні таңертең және кешке жасалды. Іздеуді өзім басқардым, өзім жағада, жыраларда, түрлі локацияларда жүрдім. Қостанай облысынан арнайы топырақ пен жерді сканерлейтін құрал алдырдық. Мүмкін жерлеу орындарының бәрін тексердік, олар өте көп болды.

— Қандай дәлелдер болды?

— Әрине, Google іздеу тарихы. Күдіктілер іздеу жүйесінде «адамды қалай суға батыруға болады», «цианид қалай әсер етеді», «сынап қалай әсер етеді», «Қазақстанда кісі өлтіру үшін қанша жыл береді» және тағы басқа сөздерді іздеген. Бұл сұраулардың бәрі кісі өлтіруден кейін жасалған.

— Бастапқыда күдіктілер қалай әрекет етті?

— Алдымен тек біреуін — Қайыржановты ұстады. Ол бәрін өз мойнына алды. Бірақ Оперативтік басқару орталығынан екінші адамның келіп көмектескені көрінетін видео табылды. Оны да ұстады. Ол да мойындады, бірақ кейбір деректерді жасырып отырды. Барлығы хат алмасуларды растады. Бірақ соңына дейін тергеуді шатастыруға тырысты: бірде жалған орындарды айтты, бірде көрсетулерін өзгертті, бірде ойдан нұсқалар шығарды, бірде денені басқа жерге тастадық деп айтты. Ал хат алмасуларында бір-біріне: «Ол хабар-ошарсыз кеткендей қылып көрсетеміз» деп жазған.

— Қайыржанов Яна Легкодимовадан қорғандым деп мәлімдеген екен.

— Иә. Бұл оның алғашқы қорғану позициясы болды. Кейін бәрі дәлелдермен жоққа шығарылды.
Видеода оның Янаны «трассада» емес, үйдің жанында буындырып өлтіргені анық көрінеді.

— Осындай дәл хронологияны қалай жасау мүмкін болды?

— Маған өзіме бұл істі ашу қызық болды, шын мәнінде кез келген іс сияқты. Биллингі деректері, камералар, сатып алулар, үйден шыққан уақыт, телефон координат беретін нүктелер — бәрін бір сызыққа тізесің де, дұрыс ізге шығасың.

— Жәбірленушінің отбасымен қалай жұмыс істедіңіздер? Істің егжей-тегжейін зардап шегуші тарапқа жеткізу қаншалықты қиын?

— Яна Легкодимованың анасы Галина Легкодимовамен біз күн сайын хат жазысып отырдық. Не анықталса да бәрін айтып отырдым. Оның барлық версиялары тексерілді. Тіпті балгерлердің версияларын да қарап шықтық, өйткені мұндай істерде кез келген нәрсеге жармасасың. Галина да іздеу жұмыстарына қатысты. Ол қарап-тексеру шараларына келді. Бұл әріптестердікі сияқты бірлескен жұмыс болды.

— Өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімі шыққанда не сезіндіңіз?

— Бұл менің бірінші өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімім емес. Практикамда бірнеше осындай іс болды: француз кварталында NCOC менеджерінің өлімі, Құлсарыда кішкентай қыздың өлтірілуі және соңғысы Яна Легкодимованың қазасы. Бірақ мен үшін басты мәселе мерзім емес. Бірінші кезекте — денені тауып, анасынa қайтару. Оның келіп, қызын еске алатын жері болуы керек еді. Еш болмаса бір сүйек табылып, қайтарылуы маңызды болды. Әрі күдіктілерді жазалау қажет болды.

— Неліктен денені ұзақ уақыт таба алмады?

— Болжам көп болды. Барлық нұсқа тексерілді, бірақ өзен үлкен, ағысы қатты. Ол кезде ауа райы да суық болды, мұндай температурада дене сақталып қалуы мүмкін еді. Бірақ Казгидромет мамандары айтты: деңгейі төмендеген кезде дене су бетіне жақындап, иіс шыға бастаған. Ал ол жақта қарсақтар бар. Балықшылардың айтуынша, түнде қалсаң, 5–6 қарсақ айналаңа жиналады. Өкінішке қарай, жабайы жануарлар денені түгел талап тастаған.

Коллаж: Kazinform / Freepik / Legkodimova_ / Instagram

— Бақылап отырған барлық адамның көкейінде бір сұрақ қалды: неге бұл кісі өлтіру болды және мұндай қатігездікке не себеп болды?

— XXI ғасырдың балалары. Айтпақшы, олар жайлы, толық отбасыларда өскен. Бірақ хат алмасуларынан олардың ойындарға, қандай да бір сюжеттерге еліктегені көрініп тұр. Келісемін, мүмкін кинодағы, сериалдардағы жазасыздыққа қарап үйренген шығар. Бірақ шынайы өмірде ондай болмайды. Егер жалпы қылмыстың өсуі мен мұндай қатыгез істердің себептері туралы айтатын болсақ — бұл жерде триггер жұмыссыздық. Адамдарды қаржылық жағдайы қысады, олар арақ ішуді бастайды, соның салдарынан мұндай оқиғалар болуы мүмкін.

— Цифрлық дәлелдер қазір қаншалықты маңызды?

— Қазір, басты дәлелдердің бірі. Бұрын ешкім хат алмасудың кісі өлтіру дәлелі болатынын елестете алмас еді. Қазір — бұл қалыпты нәрсе. Тактика қылмыскерлердің жасына байланысты. Егер олар жас, заманауи, «цифрлық» болса — олардың ізімен жұмыс істейсің: телефондар, компьютерлер, бұлтты сервистер, логтар, іздеу тарихы.

— Психологиялық жүктемемен қалай күресесіз?

— Біздің жұмыс саламыз салқынқандылық туралы емес. Ол күнделікті жауапкершілік туралы. Мен әр күні «ертең не болады» деп ойлаймын — міндетті түрде жоспарлаймын. Тек «кешке дейін отыра салу» — мұндай істерде мүмкін емес. Сонымен қатар мені отбасым қолдап отырады.

— Әлеуметтік желілерде сіздің жас екеніңізге назар аударып жатыр. Бұл Сізге деген қарым-қатынасқа әсер етеді ме?

— Жоқ. Тек жауапкершілік маңызды. Қолданатын тәсіл әрқашан бірдей. Мұндай істерде бұл қажет.

Еске салсақ, трагедия 2024 жылдың күзінде болды. 18 қазан күні Яна Легкодимова үйінен Ризуан Қайыржановпен кездесуге шыққан.

Тергеу мәліметтері бойынша, олардың арасында дау туындаған. Қайыржанов танысы Алтынбек Катимовты шақырған, содан кейін екеуі бірге қызды өлтіріп, денесін Талдыкөл ауылының өзеніне тастап жіберген.

Бұған дейін осы іс бойынша екі айыпталушы да өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын жазғанбыз.