Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталғандардың жазасы қатаңдады

Коллаж: Kazinform/ azhk.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысы прокуратурасы Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа айыптау қорытындысын бекітті. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбділ әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. 

Адвокаттың мәліметінше, жаңа айыптау қорытындысына сәйкес, сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтары, сондай-ақ 202-баптың 2-бөлігі бойынша айыпталып отыр. 

– Сот процесі аяқталуға жақын. 5 қарашада сот жарыссөздері өтеді, - деп жазды Ажар Әбділ.

ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы – «Адам өлтіру» – аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Аталған баптың 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтарында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған, сондай-ақ пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан адам өлтіру жағдайлары қарастырылған. Бұл бап бойынша мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, 15 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар 202-бап 2-бөлігі – «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» – мүліктік залал келтірген әрекеттерге қатысты қолданылады. Аталған бап бойынша 3 000-7 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылдың күзінде болған. 18 қазанда Яна Легкодимова үйінен шығып, Ризуан Хайржановпен кездесуге кеткен. Тергеу дерегінше, олардың арасында жанжал туындаған. Кейін Хайржанов танысы Алтынбек Катимовты шақырып, екеуі қызды өлтіріп, денесін Талдыкөл ауылы маңындағы өзенге тастаған.

Қыздың анасы оны өз бетімен іздеп, кейін полицияға жүгінген. Күдіктілер ұсталғанымен, денесі ұзақ уақыт табылмады. Іздеу жұмыстары сегіз айға созылып, 2025 жылғы маусымда Атырауда табылған сүйектер сараптама қорытындысы бойынша Яна Легкодимоваға тиесілі екені анықталды.

Іс сотқа жаз айында берілген. Алғашқы сот отырысы 17 қыркүйекте өтті. Қазіргі уақытта сот талқылауы жалғасып жатыр.

Бұған дейін Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотта айыпталушылардан жауап алынғанын жазғанбыз.