Концертке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысты.
«Хикметтер» симфониялық дастаны ұлы бабамыздың «Диуани хикмет» кітабын оқу барысында туған толғаныстарда және «Мәңгілік» дауыс пен симфониялық оркестрге арналған шығармада сазгер Ясауи ілімінің рухани маңыздылығына, тереңдігіне көңіл бөлінген.
Қазақстанда алғашқы рет кәсіби музыка тілімен хикметтерді насихаттайтын шығармашылық кеш - Қожа Ахмет Ясауидің соңында қалған телегей-теңіз рухани мұрасын жаңғыртуды мақсат тұтқан.
«Төрткүл дүниенің бас иіп, рухани орталығына айналған Түркістанның қадірі мен қасиеті барлық ұрпақты ойландырмай қоймасы анық. Бүгінгі кеш композиторлық жолымыздағы ең ерекше, өзіндік орны биік шығармашылықтың жемісі деп ойлаймын»,-дейді Серікжан Әбдінұров.
Кеште Қ.А. Ясауидің хикметтеріне жазылған көптеген шығармалар орындалды. Олардың қатарында дәстүрлі әншілердің - «Ей, сопы», «Расулдың ризалығы», Павлодар қаласынан келген вокалдық квинтеттің - «Салауат», «Аш, ей момын көзіңді» шығармалары, қылқобызбен - «Диуани хикмет», баянмен - «Арыстанбаб», «Абыз», скрипка аспаптарымен - «Күй-толғау», дауыс және оркестрмен - «Уа, жаратқан», «Мәңгілік», оркестрмен - «Сүйінші», «Балбал», дауыс, флейта және хормен - «Яссы», симфониялық дастан - «Хикметтер», ақын және симфониялық оркестрмен - «Қожа Ахмет Яссауи» шығармалары бар.