Ясауи кесенесінің аумағына кіру тәртібі өзгерді

Фото: «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағына кіру тәртібі өзгертілді.

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының хабарлауынша, 15 ақпаннан бастап кесене аумағы қоршалып, келушілердің кіруі арнайы орнатылған турникеттер арқылы жүзеге асырылады.

– Бұл шара киелі нысанның сақталуын қамтамасыз ету, қауіпсіздік деңгейін арттыру, террористік сипаттағы ықтимал қауіптердің алдын алу, сондай-ақ келушілер қозғалысын реттеу мақсатында енгізіліп отыр. Енді келушілер кесене аумағына жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсетіп, билет алып, қауіпсіздік тексерісінен өткеннен кейін ғана кіре алады, – делінген хабарламада.

Мекеме өкілдері енгізілген өзгерістер аумақта жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігі мен бақылауын күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Бұдан бұрын Ясауи кесенесіне үш жылға жоспарланған жан-жақты зерттеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын жазған едік