Қазіргі таңда кесененің негізгі кіреберісі темір қоршаумен қоршалған. Осы жағдайға байланысты Kazinform тілшісіне Мәдениет және ақпарат министрлігі түсінік берді.
Ведомствоның мәліметінше, кесенеде жоспарлы реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Соңғы жылдары қазандық күмбезінде 2019-2020 жылдары орнатылған глазурленген қаптаманың кейбір бөліктерінде бүліну және ажырау белгілері байқалды. Осыған байланысты Қазреставрация РМК мамандары қаптаманың техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, ғылыми-реставрациялық жұмыстарға дайындықты бастаған болатын, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша, осы жылдың мамыр айында басталған жұмыстар барысында глазурленген қаптаманың әлсіреген бөліктерін кезең-кезеңімен алу кезінде апаттық жағдайда тұрған фрагменттерді толық ажырату қажеттігі анықталған.
– Соның нәтижесінде 27 мамыр күні Қазреставрация мамандары глазурленген плиткалардың осал бөліктерін ауқымды демонтаждау жұмысын жүргізді. Бұл – ғылыми-реставрациялық жұмыстарға дайындық және ең бастысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған негізді әрі мәжбүрлі шара, – деп атап өтті ведомство.
Қазіргі уақытта қазандық күмбезінің глазурленген қаптамасының өзге бөліктерінің жай-күйі зерттеліп, оларды толық алу қажеттігін анықтауға бағытталған кешенді тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ министрлік реставрациялық жұмыстардың барысы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жеке бақылауында екенін мәлімдеді.
– Бұл жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Қабылданып жатқан барлық шешім сараптамалық қорытындыларға, ғылыми тәсілдерге және мәдени мұра нысандарын сақтау жөніндегі халықаралық стандарттарға негізделеді. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Жұмыстар жоспарлы, ғылыми тұрғыдан негізделген және ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталуын қамтамасыз етуге, одан әрі зақымданудың алдын алуға бағытталған, – деп мәлім етті министрлік.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биыл 15 ақпаннан бастап Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағы қоршалып, келушілердің кіруі арнайы орнатылған екі турникет арқылы жүзеге асырыла бастады.
Сондай-ақ Қазқайтажаңарту мекемесі үш жыл бойы кесенені сақтау және қорғау бағытында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.