Ясауи іліміне қатысты XVII ғасырдағы сирек қолжазба Мәскеуден табылды

АСТАНА. KAZINFORM — «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан Ясауи тариқатының тарихы мен рухани іліміне арналған, бұған дейін ғылыми ортада аса мәлім болмаған XVII ғасырдағы сирек қолжазбаны анықтады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ғылыми зерттеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы мен Үкімет бекіткен Ясауитану саласын дамыту жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр.

Фото: Мәдениет және ақапарат министрлігі

«Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин» («Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі») атты еңбек Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысында табылды. Бұхарада жазылған бұл туынды — Ясауи мектебінің тарихын танытатын маңызды жазба дереккөздердің бірі.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық мәселелері сөз болады. Аталмыш еңбекте Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім ата мен Зеңгі атадан бастау алатын және тариқаттың кейінгі өкілдеріне дейін жалғасқан рухани шежіре жөнінде құнды мәлімет қамтылған.

Бүгінде мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта оның мәтіні белгілі нұсқалармен салыстырылып, мәтінтанулық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізілмек.

Айта кетелік Ясауи мұрасына арналған қос кітап 4 тілде жарық көрген еді