Қалың көпшілікке таныстырылған қос кітап — «Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монография және «Шайхым — Ахмет Ясауи…» деген тарихи-танымдық пьеса. Бұл еңбектер ағылшын, түрік, орыс тілдеріне де аударылып, басылып шықты.
— «Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монография — 25 жылдық еңбегіміздің жемісі. Онда Ясауи және оның мұрасына арналған дүние жүзіндегі сүбелі еңбектердің барлығы қарастырылып, талданды. Сонымен қатар, Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының қазақ тіліне аударылған 17 нұсқасы түгелдей зерттеліп, сараланды. Одан бөлек, текстологиялық зерттеулер жүргізілді. «Диуани хикметтің» осыған дейін жинақтық, ғылыми-сыни мәтіні жасалмағаны, сөздіктер дайындалмағаны, сол себепті қазіргі зерттеулер мен аудармаларда қателіктер бар екені атап көрсетілді. Сол жұмыстардың қалай атқарылуы керек екені жөнінде нақты бағыттар белгіленді. Жалпы, бұл — өте өзекті бірнеше тақырыпты қамтитын еңбек, — деді автор Айнұр Әбдірәсілқызы.
Ал «Шайхым — Ахмет Ясауи…» пьесасында аталған тұлғаның және жалпы рухани кемелдікке ұмтылған жандардың ішкі дүиесі, жан сарайы көрініс тапқан.
— Пьесада Қожа Ахмет Ясауидің өз дәуірінде ұстаздарымен, шәкірттерімен, халықпен қарым-қатынасы жөнінде көптеген сахна, сондай-ақ, тарихи және аңыздық көптеген қызықты мәлімет бар. Соның бәрі астасып, Ясауидің және оның шәкірттерінің көркем образы сомдалды, — деді Айнұр Әбдірәсілқызы.
Іс-шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және қалың оқырман қауым келді. Сонымен қатар, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан тәрізді шетелдердің ғалымдары және Түркі әлеміне қатысты халықаралық ұйымдар мен мекемелер өкілдері қатысты.
Айнұр Әбдірәсілқызының ғылыми жетекшісі, ф.ғ.д. Темірғали Есембеков тұсаукесер рәсімінде сөз алды. Ол «Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» монографиясына айрықша тоқталып, ғылыми тұрғыда баға берді.
— Бұл кітапта Ахмет Ясауидің ақын екені дәлелденген. Оның мәтінін көптеген түркі халқы әдебиетіне кірістірген. Бірақ бұған дейін Ясауидің поэтикасын ешкім зерттемеген еді. Ал Айнұр Ясауидің поэтикасын, көркемдік құралдарын талдады және «Диуани хикметтің» көркем жанр екенін дәлелдеді, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін «Ясауи хикметтері — Ұлы даланың мәдени коды» деген Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.