ЯСЖТСШҰ Дайындық комиссиясының 41-ші сессиясы шеңберінде «АТОМ» жобасы таныстырылды

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымымен (ЯСЖТСШҰ) бірлесе отырып, Президент Н. Назарбаевтың 'АТОМ' Жобасы бойынша бастамашылығының тұсау кесерін өткізді.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

ЯСЖТСШҰ Дайындық комиссиясының 41-ші сессиясы алаңында орын алған іс-шараға ЯСЖТСШҰ Атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Қазақстанның Австриядағы Елшісі - Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Роман Василенко, "АТОМ" Жобасының Құрметті Елшісі, қазақстандық белгілі суретші Кәріпбек Күйіков және таратпау және қарусыздану саласындағы жетекші сарапшылар, сондай-ақ дипломаттар, БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің қызметкерлері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты.

ЯСЖТСШҰ-ның ағымдағы жылғы басты оқиғасы шеңберінде қатысушылардың назарына Кәріпбек Күйіковтің "Бейбітшілікті іздеу" атты суреттерінің көрмесі мен Қазақстанның қарулы ядролық мұрадан арылуы тарихын шежірелейтін фотокөрме ұсынылды.

Атқарушы хатшы Л. Зербо тарапынан ЯСЖТСШ-ның тезірек күшіне енуінің маңыздылығына назар аударылып, ядролық таратпау және ядролық қарудан азат әлем құру идеясын ілгерілетудегі Қазақстанның бірегей үлесі атап өтілді.

"Президент Назарбаевтың Семей сынақ алаңын жабу туралы батыл шешім қабылдағанынан бергі екі онжылдықтан кейін де ядролық сынақтар ешкімнің қауіпсіздігіне кепілдік бермейтініне қарсы уәж айтушылар табылуда. Керісінше, олар әлемге, қауіпсіздікке және тұрақты дамуға қауіп төндіреді, - деді Л. Зербо. «Адамдардың радиациядан зардап шегуі, экологиялық құлдырау және экономикалық зияндар ұмытылмау керек. "АТОМ" Жобасы - бұл Қазақстан халқының жігерін білдіру: қазақстандықтар азаптан шешім тапты; ашынудан түсіністік тапты; трагедиядан тамаша әлем құру мүмкіндігі туралы сенім тапты. Ядролық сынақтардан зардап шеккендердің оқиғасын айту арқылы "АТОМ" Жобасы ядролық сынақтардың адами және экологиялық бағасын түсінуге мүмкіндік береді және ядролық сынақтарды мәңгі жою мен басқа келешекті таңдауға тілектес бүкіл әлемдегі миллиондаған азаматтардың алпауыт дауысы ретінде үн қосады... ЯСЖТСШ-ның күшіне енуі олардың бекітуіне байланысты болып отырған сегіз мемлекетке өздерінің саяси жігерін көрсетіп, оны толық қолдайтын уақыт туды".

Елші Қ. Әбдірахманов өзінің баяндамасында таратпау және ядролық қарусыздану саласындағы қазақстандық бастамашылықтарды тілге тиек етіп, қазіргі таңда мемлекетіміз жаһандық ядролық қауіпті жою үшін келешекке батыл шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы берік ұстанымға ие екендігін атап өтті. Елші сонымен қатар, осыдан 22 жыл бұрын өзінің территориясында Семей ядролық сынақ алаңын жабу арқылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен жас мемлекет өз халқының еркімен ядролық қарудан өз еркімен бас тартуға болатынын барша әлемге паш етті.

Өз кезегінде Р. Василенко Қазақстанның "ядролық клубтағы" мүшелігінен түбегейлі және сөзсіз бас тартуын атай отырып, қарусыздану мен Қазақстандағы кеңестік ядролық қарудан құтылу тарихын баяндап берді. Одан кейін қатысушыларды "АТОМ" Жобасымен таныстырып, "Біз бұл бастамашылықтың біздің елде де және шетелдерде де жаппай халықтық қолдау тауып отырғанын көріп отырмыз. Бүгінгі күннің өзінде петицияға әлемнің 100-ден астам мемлекетінің азаматтары қол қойды. Бірақ біз бұдан да көп нәтижеге қол жеткізе аламыз және жеткізуіміз қажет. Сондықтан біз күш-жігерімізді одан әрі жалғастырып, бүкіл әлемдегі қайырымдылықпен жігерленген адамдарды "АТОМ" Жобасына қолдау көрсетіп, ядросыз әлем құруды бәріміздің басты мақсатымызға айналдыруға шақырамыз", - деп мәлімдеді.

Жиналғандардың алдында сөз алған Кәріпбек Күйіков өз басынан кешкен ядролық сынақтардың қасіреті туралы тағы да тыңдаушылардың есіне салып, ядролық сынақтарға біржола және үзілді-кесілді тыйым салу мақсатында іс-шараға қатысушыларды "АТОМ" Жобасын қолдауға шақырды.

Іс-шараға қатысушылар ЯСЖТСШ-ның тезірек күшіне енуін қамтамасыз етуді қоса алғанда ядролық қарусыз әлем құру туралы ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін халықаралық қоғамдастықтың дәйекті қадамдары қажеттілігін қолдаған пікірлерін білдірді.

Қазіргі таңда Шартқа 183 мемлекет қол қойып, оның 161-і бекіткен. Шарттың күшіне енуі үшін Екінші Қосымша деп аталатын сегіз мемлекет - Египет, Израиль, Үндістан, Иран, КХДР, ҚХР, Пәкістан және АҚШ - қол қойып, бекітуі қажет.

31 қазанда "АТОМ" Жобасының тұсаукесері мен К. Күйіковтің суреттерінің көрмесі Кремс қаласында өткізіледі.

2012 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұпсұлтан Назарбаев "Ядролық сынқатарға тыйым салудан ядролық қарудан азат әлемге" атты халықаралық конференцияда іске қосылуы туралы жария еткен АТОМ Жобасы ядролық қаруды сынауға біржола тыйым салу мақсатында жаһандық күш-жігерді біріктіруге бағытталған халықаралық кампания. Жобаның атауы аббревиатура және ағылшын тіліндегі төрт сөздің алғашқы әріптері болып табылады - Abolish Testing. Our Mission. (Сынақтарды Тоқтату - Біздің Миссиямыз).