2020 жыл – еріктілер жылы. Осыған орай Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейі волонтер жастармен бірлесе отырып, «Туған жер» жобасы аясында аймақта «Ұлы Дала ұстазы» ғылыми экспедициясын өткізуді қолға алып отыр.
Музейде қазақстандық жастар күніне арналған еркіктілермен еркін кеш өтті.
Мақсат - биылғы еріктілер жылында облыстағы мәдени шаралардың ауқымын кеңейту, бірлесіп тың бастамаларды ұйымдастыру, музейлік қор жиынтығын толықтыру.
«Бұл бастама негізгі 3 бағыттан тұрады. Біріншісі – «мобильді поэзия» жобасын қолға алу (Бұл бағытта еріктілер Ы.Алтынсариннің өлеңін оқып, ұялы телефондарына түсіріп, музейге жолдайды). Екіншісі – ерікті экскурсия жүргізушілерді жасақтап шығару. Үшіншісі – волонтерлерді музей қорына жәдігер жинауға жұмылдыру» делінген хабарламада.
Жиынға Қостанай облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Әсел Мусина, Қостанай облысы жастар саясаты басқармасы ақпараттық-әдістемелік секторының жетекшісі Жұпар Қожахмет, Қостанай облысы Жастар ресурстық орталығы еріктілер штабының жастары, 2019 жылғы Қостанай облысы жастары Алтын кітабының лауреаттары және ұстаздар қатысты.