Йемен: Сауд Арабиясы хуситтердің оңтүстіктегі шабуылына қалай жауап береді

АСТАНА. KAZINFORM – Хуситтердің күтпеген шабуылынан кейін әлем назары тағы Йеменге ауды. Хусит жасақтары Баб әл-Мандаб бұғазына жақындап, әлемдік саудада аса маңызды болып саналатын бағыттардың біріне қауіп төндірді. Йеменге жақтасатын Сауд Арабиясы жергілікті билік жоғалтқан аумақтарды қайтару үшін қарымта шабуылға шыққанын жариялады. Хуситтер қалайша оңтүстікке соншалықты жылдам ішкерілеп кетті, Эр-Риядтың жауабы қаншалықты ауқымды болуы мүмкін? Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы Сұлтан Әкімбеков осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Фото: islamosfera.ru

Баб әл-Мандаб – жаңа шиеленіс ошағы

5 қазанда Йемен үкіметі хуситтерге қарымта қарсы шабуыл бастағанын жариялады. Олардың мәліметінше, хуситтер 10 қыркүйекте басып алған Моха порты мен Баб әл-Мандаб бұғазына іргелес аумақтар жергілікті биліктің бақылауына қайтарылған. 4 қазанда Президенттік басқару кеңесінің төрағасы Рашад әл-Алими Йеменнің бүкіл аумағын хуситтерден азат ету операциясы басталғанын жариялаған еді. Дәл сол күні хуситтер Таиз қаласын Аден портымен байланыстыратын жабдықтау жолдарын үзгенін мәлімдеді.

Йемендегі 11 жылдан асып кеткен соғыста тараптардың қайсысы шын мәнінде басымдыққа ие болғанын, ал қайсысы өз мәлімдемелерін үгіт-насихат мақсатында жасап отырғанын анықтау қиын. Дегенмен хуситтердің Баб әл-Мандаб бұғазына шығуы және осы жердегі кеме қатынасын бұғаттау мүмкіндігіне ие болуы әлемдік саудаға қауіп төндіретіндіктен, көптеген елдерді алаңдатқаны анық. Оның үстіне хуситтердің шабуылы Иранның әрекеттерімен байланысты болуы мүмкін деген болжамдар да айтыла бастады.

Сауд Арабиясына туған қиындық

Қыркүйекте хуситтердің жасаған шабуылы ең әуелі Сауд Арабиясын қиын жағдайда қалдырды. Тіпті хуситтер Сауд Арабиясының инфрақұрылым нысандарына соққы бере бастады. Атап айтқанда, Йеменмен шекаралас аудандардағы әскери және азаматтық нысандарға шабуыл жасады, Ирак аумағынан Қызыл теңіздегі Янбу портына тартылған ішкі мұнай құбырына соққы берді.

Осыдан кейін Иран мен хуситтер үйлесімді әрекет ете алса, Ормуз және Баб әл-Мандаб бұғаздарын бір мезгілде жауып, әлемдік саудаға үлкен қиындық туғызуы мүмкін деген қауіп пайда болды.

Жағдайдың қиындағаны соншалық, Сауд Арабиясы АҚШ бастаған бірқатар елдерден көмек сұрауға мәжбүр болды. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп бірден бас тартты. Басқа мүдделес елдер Сауд Арабиясына барлау деректері мен қару-жарақ беруге дайын екенін білдірді. Бірақ ешқайсысы Йемен аумағындағы соғыс қимылдарына тікелей қатысуға аса ниетті болған жоқ.

Мекке келісімі және Түркия мен Пәкістан факторы

Осы тұста Сауд Арабиясымен Мекке келісіміне қол қойған Түркия мен Пәкістанның ұстанымы да маңызды мәселеге айналды. Теориялық тұрғыдан алғанда, Йемендегі әскери қимылдар бұл одақтың жауапкершілік аясына кірмейді. Алайда Сауд Арабиясының аумағына жасалған шабуылды осы елге жасалған шабуыл ретінде қарастыруға болады. Сондықтан мәселе Түркия мен Пәкістанның келісім ережелерін қалай түсіндіретініне байланысты болды. Қалай болғанда да, олар бірден нақты шешім қабылдауға асықпады.

Үнсіздік қазан айының басына дейін созылды. 6 қазанда Эр-Риядта өткен отырыста Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Мекке келісімі аясында тұрақты құрылымдар құру жұмыстарының соңғы кезеңге жеткенін мәлімдеді. Ол, сондай-ақ, Түркияның Қорғаныс министрі мен Бас штабының басшысы келісімді жүзеге асырудың нақты мәселелерін талқылағанын айтты.

Эр-Рияд неге бірден жауап бермеді?

Бұл Түркия мен Пәкістанның Йемендегі соғысқа тікелей қатысатынын білдірмейді, дегенмен ықтималдық жоқ деуге де келмейді. Оның үстіне Фидан тараптардың кикілжіңді бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігін талқылағанын, ал Сауд Арабиясы бұл ұсынысқа оң ниет танытқанын айтты.

Фото: Kazinform

Сауд Арабиясының қыркүйекте хуситтердің күтпеген шабуылына бірден жауап бермеуіне осы факторлар себеп болуы да мүмкін. Қалай дегенмен де, қарымта соққының кешігуі елдің беделіне кері әсер еткені анық. Өйткені Эр-Риядқа бір жағынан Таяу Шығыстағы ықпалды мемлекет мәртебесін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін шешім табу керек болды. Екінші жағынан, хуситтермен тікелей соғысқа араласып кетуден сақтану маңызды еді.

Сауд Арабиясының Йеменмен арадағы құрлық шекарасы айтарлықтай ұзын – 1300 шақырым. Бұл шекара хуситтердің ықпалы күшті солтүстік бөлігімен өтеді. 2015 жылдан бері хуситтер жер бедерінің күрделі тұстарын пайдаланып, Сауд Арабиясының шекара бекеттеріне шабуыл жасап келеді.

Тайпалар – Йемендегі соғыстың негізгі күші

Сауд Арабиясы қолдайтын Йемен үкіметі мен хуситтер арасындағы соғыстың негізгі оқиғалары елдің оңтүстігінде өтіп жатыр. Сондықтан Йемен үкіметінің оңтүстік аудандарда әскери операция ұйымдастырып, ауқымды қақтығысты бастау туралы шешімі жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін. Енді хуситтер зымыран мен дронға сүйеніп, Сауд Арабиясының солтүстік шекарасында шағын жасақтармен әрекет ете бастауы ықтимал. Мұндай қауіптің алдын алу үшін Сауд Арабиясы шекараға едәуір әскери күш шоғырландыруға мәжбүр болады. Ал бұл оның беделіне бәрібір кері әсер етеді. Өйткені мұндай жағдай Таяу Шығыстағы ең озық технологиясы бар деп саналатын армияның өзіне шығын келтіріп отырғаны туралы пайымдарды күшейтеді.

Мекке келісімі аясындағы түркиялық және пәкістандық әскери қызметшілердің ықтимал көмегін дипломатиялық тіреске қолдануға болады. Хуситтердің түріктерге немесе пәкістандықтарға шабуыл жасауы екіталай. Оның үстіне, жалпы алғанда, хуситтер келіссөзге бейім күш болып саналады. Сауд Арабиясының олармен келісімге келген тәжірибесі де бар. Ол келісім 2020 жылдан 2026 жылдың шілдесіне дейін күшінде болды. Сол кезде Сауд Арабиясының әскери-әуе күштері Йемен астанасы Санаға Иранның жоғары басшысы Али Хаменеиді жерлеу рәсімінен қайтып келе жатқан хуситтер делегациясы мінген ирандық ұшақтың қонуына мүмкіндік бермеді. Осыдан кейін Йемендегі соғыстың жаңа кезеңі басталып, хуситтер мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы нашарлаған болатын.

Бұл жерде ақша мәселесі дейтін тағы бір маңызды факторға назар аударған жөн. Сауд Арабиясы – мұсылман әлеміндегі ең бай мемлекет. Ол көптеген елдер мен күштерге қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, Пәкістанға да қаржы береді.

Йемен армиясы неге тайпаларға тәуелді?

Йемен қоғамының едәуір бөлігі тайпалардан құралған. Іс жүзінде жергілікті саясаттағы негізгі рөлді де солар атқарады. Таиз және Аден сияқты қалалардың бір бөлігіндегі қала тұрғындарын қоспағанда, Йемен халқының басым бөлігі тайпалық қауымдармен тығыз байланысын сақтап отыр. Бұған мекендерінің таулы және шөлейтті болуы да әсер етеді. Йемен мемлекетінің саясатында тайпа шейхтері әрдайым маңызды рөл атқарып келді.

Фото: media.az

Тайпаларда адам саны көп болғандықтан, олардың басым бөлігі жұмыс пен табыс табуға мүмкіндік беретін армия қатарына барды. Азаматтық соғысқа дейін «жалған сарбаздар» деп аталатын құбылыс кең тараған еді. 2006 жылы шетелдік бақылаушылар Йемен армиясындағы сарбаздардың үштен біріне дейін қызмет орнында іс жүзінде болмағанымен, сол үшін жалақы алып отырған деп есептеген. Әрине, бұл тайпа басшылары үшін жақсы табыс көзі болды.

Хуситтердің қыркүйектегі шабуылы неге аса сәтті болғанын ішінара осы құбылыспен де түсіндіруге болады. Қызыл теңіз жағалауындағы порттарда Сауд Арабиясының қаржысынан жалақы алатын үкіметі әскері толық жарақтандырылмаған болуы мүмкін. Оның үстіне олардың басым бөлігі тайпалық жасақтардың мүшелері болған және өздері орналасқан аудандардың тұрғындары болмауы да ықтимал.

БАӘ ойыны

Биыл 9 қаңтарда Оңтүстік өтпелі кеңес жұмысын тоқтатты. Бұған дейін ол Біріккен Араб Әмірліктерінің қолдауымен Йеменнің бүкіл оңтүстігін басып алып, бұл жерде «Оңтүстік Арабия» мемлекетін құруға тырысқан еді. Сол кезде де оңтүстіктің шабуылы Сауд Арабиясы үшін күтпеген жағдай болды. Алайда кейін Йемен үкіметінің күштері оңтүстік тараптардың позицияларына шабуыл ұйымдастырды. Бұл шабуылда елдің шығыс провинцияларындағы, әсіресе Хадрамауттағы тайпалардың рөлі маңызды болды.

Қалай болғанда да, Йеменде кез келген шабуылды немесе қарсы шабуылды ұйымдастыру үшін алдын ала күш жинау қажет. Бірақ бұл біз түсінетін классикалық үлгідегі әскери жұмылдыру емес. Мұнда тайпалармен келісу жүйесі жұмыс істейді, ал олар өз кезегінде тайпалық жасақтарын шығарады. Әрине, мұның өзі қаржы мен тығыз байланыстарды талап етеді. Хадрамаут тайпаларының Сауд Арабиясымен бұрыннан тығыз байланысы бар.

Йеменнің шығыс провинцияларындағы тайпалардың күшін біріктіріп, Сауд Арабиясының әуеден қолдау көрсетуі Оңтүстік кеңесті жеңіліске ұшыратқан. Басшылығы елден кетіп, БАӘ өз кеңесшілерін эвакуациялап әкетті.

Йеменнің оңтүстігі неге осал болып шықты?

Бұл жерде Йеменнің оңтүстігіндегі жағалауда орналасқан Моха, Дхубаб және Аден қалаларында тайпалық байланыстардан алыстаған тұрғындардың көбірек болғанын ескеру қажет. Олардың басым бөлігі саудамен айналысты. 1937 жылдан 1967 жылға дейін бұл аумақ бұрынғы Аден британ отары мен оның Шығыс және Батыс протектораттарының құрамында болды. Әрине, британдықтар сол кездегі отар аумағының қоғамдық өміріне белгілі бір ықпал етті.

Қалай болғанда да, Йемен үкіметінің жағалаудағы күштері хуситтердің күтпеген шабуылына төтеп бере алмай, Баб әл-Мандаб бұғазына дейінгі барлық аумақты беріп қойды. Мүмкін «жалған сарбаз» факторы да болуы мүмкін. Сауд Арабиясының АҚШ пен Иран арасындағы соғыс әсерінен болған экономикалық қиындықтар жақтас тайпалардың жасақтарына ұзақ уақыт бойы жалақы төлей алмаған болуы да мүмкін.

Хуситтер басып алған аумақтарды ұстап тұра ала ма?

Хуситтер жеңіске жеткенмен шабуыл тоқтап қалды. Өйткені өздеріне қарсы тұра алатын, әлдеқайда ынталы күштердің аумағына аяқ басқан болатын. Мысалы, Таиз қаласы үшін шайқас бірнеше аптадан бері жалғасып келеді. Жергілікті жасақтар 2015 жылы да хуситтерге қарсы шыққан. Бұдан бөлек, хуситтер қыркүйекте Мариб провинциясының орталығы Мариб қаласын да басып ала алмады. Мұнда мұнай өндіретін орталық бар. Жергілікті тайпалар 2015 жылдан бері хуситтерді Марибке кіргізбей келсе, 2026 жылғы қыркүйекте олар неге жол беруі керек?

Хуситтер үшін ең үлкен қиындық – қыркүйектегі шабуыл кезінде басып алған Йеменнің жағалау аудандарына солтүстіктегі таулы аймақтардан өз жауынгерлерін әкеліп орналастыру. Мәселе олардың бұл жерде жергілікті тұрғындар үшін бөтен болуында ғана емес, оккупациялық күш ретінде әрекет етуінде де. Бұдан да күрделі мәселе – оларға да жалақы төлеу қажет. Ал хуситтердің өзінде қаражат жоқ, Иранның да қаржылық мүмкіндігі шектеулі.

Фото: Hani Mohammed

Сауд Арабиясы қарымта шабуылға дайындалып жатыр

Сауд Арабиясы хуситтердің қыркүйектегі күтпеген сәтті шабуылынан кейін жағдайды тез арада қалпына келтірді деп пайымдауға болады. 2026 жылдың қысында да осындай жағдай болған. Ол кезде БАӘ қолдаған Оңтүстік өтпелі үкімет күштерінің белсенділігі Сауд Арабиясы үшін күтпеген жағдай болды. Сол кезде Эр-Риядқа Йеменнің оңтүстігіндегі Хадрамаут тайпаларының қарсы шабуылын ұйымдастыру үшін бірнеше күн ғана қажет болды.

Бұл жолы дайындық бірнеше аптаға созылды. Йемен үкіметінің өкілдері 100 мың адамды шығыс провинцияларындағы, соның ішінде Хадрамауттағы тайпалық жасақтардың есебінен жұмылдырды.

Бұл армияның Сана мен Йеменнің солтүстік провинциялары үшін соғысқа баруы екіталай. Біріншіден, бұл - олар үшін бөтен аумақ. Екіншіден, бұл – таулы өңір. Ал Йеменнің оңтүстігінде, әсіресе жағалаудағы аудандарда, олар хуситтерді жеңе алады. Ал солтүстіктен келген таулы аймақ тұрғындарының жағалаудағы аумақтар мен порттарды қорғауы екіталай. Мұны ақысыз жасауға тура келсе, жағдай одан әрі күрделене түседі.

Дегенмен Сауд Арабиясы хуситтер бақылауындағы аумақтарда болып жатқан үдерістер туралы бізден көбірек білуі мүмкін. 2015 жылға дейін бұл жерде әртүрлі зайдит тайпалары арасында елеулі бәсекелестік болғанын ескеру қажет. Зайдиттер шиизмнің байыпты бағытын ұстанады. Хуситтер – Саада провинциясындағы зайдит тайпаларының бір бөлігінен құралған саяси бірлестік. Оларға әл-Хуси әулеті басшылық етеді. Олар Бакил тайпалар бірлестігіне жатады. Ал хуситтер өлтірген бұрынғы президент Али Абдалла Салех зайдит тайпаларының тағы бір ірі бірлестігі – Хашидтен шыққан. Хуситтер билікке келгеннен кейін Бакилдің маңызы артты. Бұл Хашидке ұнамауы мүмкін.

Хуситтер табысқа жетіп, Иранның қаржылай қолдауына ие болып тұрған кезде олардың жағдайы тұрақты болды. Бірақ бұл қолдау әлсіреп, хуситтер жеңіліске ұшырай бастаса не болады? Осы тұрғыдан алғанда, қыркүйектегі сәтті жорық жоспарланғандай аяқталмауы мүмкін. Саудиялықтардың мақсаты жағалаудағы аудандар мен Баб әл-Мандаб бұғазына бақылауды қайтарумен ғана шектелмеуі де мүмкін. Сыртқы қолдаудың көмегімен хуситтер мәселесін біржола шешуге талпынуы да ықтимал. Дегенмен тайпалардан құралған қоғамда ештеңені толық болжау мүмкін емес.