Йемен үкіметінің әскері хуситтерге қарсы шабуыл бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Бірнеше жылға созылған тыныштықтан кейін Йеменде қарулы қақтығыс қайта күшейіп, үкімет әскері хуситтердің позицияларына бірден төрт провинцияда шабуыл бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: Йемен Қарулы күштерінің медиаорталығы

Халықаралық деңгейде мойындалған Йемен үкіметінің күштері дүйсенбі күні хуситтердің позицияларына қарсы ауқымды операцияға кірісті. Әскерилердің негізгі мақсатының бірі – ел астанасы Сананы қайтару.

– Хуситтерден ел астанасы Сананы қайтарып алу туралы шешім қабылданды, – деді Йемен қорғаныс министрінің көмекшісі, генерал-майор Самир ас-Сабри Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында.

Иранның қолдауына ие «Ансар Аллах» қозғалысының хуситтері 2014 жылы Сана қаласын және Йеменнің солтүстігіндегі аумақтардың едәуір бөлігін бақылауға алған.

Оларға қарсы тұрған халықаралық деңгейде мойындалған Йемен үкіметі елдің оңтүстігіндегі Аден қаласында жұмыс істейді. Үкімет күштеріне Йеменмен солтүстікте шектесетін Сауд Арабиясы қолдау көрсетеді.

Қазіргі шабуыл әл-Джауф, әл-Байда, Таиз және Ходейда провинцияларында жүріп жатыр. Үкімет әскері хуситтердің күштерін бірнеше бағытқа бөлуге және Санаға жақындауға тырысып жатыр.

Бұл ретте әл-Джауф провинциясына ерекше мән беріліп отыр. Өйткені аталған өңір Санаға апаратын негізгі бағыттардың бірі саналады.

Йемен үкіметінің әскері бірқатар учаскеде алға жылжығанын, сондай-ақ хуситтердің позицияларына әуе, зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы берілгенін хабарлады.

Үкіметті қолдайтын қарулы құрылымдар бағыттардың бірінде стратегиялық позицияларды басып алғанын және 23 хуситтің қаза тапқанын мәлімдеді.

Ал хуситтер әл-Джауфтағы шабуылға тойтарыс беріп, үкімет күштеріне көмекке келе жатқан бөлімшелерге зымыранмен соққы жасағанын мәлімдеп отыр.

Йемен Президенттік басшылық кеңесінің төрағасы Рашад әл-Алими операция елдің бүкіл аумағында мемлекеттік бақылау қалпына келгенге дейін жалғасатынын айтты.

– Қарулы күштер мемлекеттік институттар қалпына келтіріліп, мемлекет билігі Йеменнің бүкіл аумағына тарағанға дейін өзінің конституциялық міндетін орындауды жалғастырады, – деді Рашад әл-Алими.

Қазіргі шиеленіс 2022 жылы БҰҰ-ның арағайындығымен бітім жасалғаннан бергі ең ірі қақтығыстардың біріне айналды.

Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, 3 қыркүйектен бері Таиз және Ходейда провинцияларындағы шайқастар салдарынан шамамен 18,5 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған.

Бұған дейін хуситтер мен Йемен үкіметі күштері арасындағы шайқаста 80-нен астам адамның қаза тапқаны хабарланған. Сондай-ақ хуситтердің Сауд Арабиясының қалалары мен энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасаған соққыларынан 70-тен астам адам зардап шекті.