Йеменде әуе соққысынан 14 хусит қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Йемен үкіметін қолдайтын күштер сейсенбі күні кешке Қызыл теңіз жағалауындағы Ходейда портты қаласының оңтүстігінде хуситтердің позицияларына жасалған соққылардан топтың 14 мүшесі қаза тапқанын хабарлады. Бұл туралы Анадолу жазды.

Фото: Анадолу

Үкіметті қолдайтын «Ұлттық қарсыласу күштерінің» баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде хуситтердің позицияларына соққы жасалып, «нысаналар дәл көзделгені» айтылған.

Хуситтер әзірге бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірген жоқ.

Сейсенбі күні Йеменнің Президенттік басшылық кеңесі хуситтерге қарсы қосымша «тежеу» шараларын мақұлдап, мемлекеттік институттарды қалпына келтіру және елдің бірқатар аумағындағы хуситтердің бақылауын тоқтату жөніндегі жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Йеменнің мемлекеттік Saba ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шешім Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өткен кеңес отырысында қабылданған.

Жиында елдегі әскери, қауіпсіздік және экономикалық ахуал, сондай-ақ хуситтердің әрекетіне қарсы мемлекеттің стратегиялық қадамдары қаралды.

– Мемлекет өз институттарын қалпына келтіру, бүкіл ел аумағында билігін орнықтыру және Иран қолдайтын хуситтердің әрекетінен туындаған гуманитарлық зардаптарды тоқтату жөніндегі күш-жігерін жалғастырады, – делінген кеңес мәлімдемесінде.

Йеменде үкімет күштері мен 2014 жылы елдің бір бөлігін, соның ішінде астана Сананы бақылауға алған хуситтер арасындағы ұзаққа созылған соғыстан кейін 2022 жылдан бері салыстырмалы тыныштық орнаған еді.

Алайда өткен айдың басында Мариб, Әл-Джауф, Әл-Дали және Таиз аудандарында үкімет әскері мен хуситтер арасындағы қақтығыстар қайта жанданды.

Сауд Арабиясы бастаған коалиция Аденде орналасқан Йемен үкіметі мен оның қарулы күштерін қолдайды. Ал Иран хуситтерге қолдау көрсетеді деп айыпталып келеді.

2023 жылдың соңында Газа секторында соғыс басталғаннан бері хуситтер аймақтағы әскери қимылдарға белсенді араласып, Израильге және Қызыл теңіздегі Израильмен байланысты кемелерге шабуыл жасап келеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Йемен қарулы күштері бір тәулікте хуситтерге қарсы 133 операция жүргізгенін жаздық. 

Сондай-ақ БҰҰ Йеменде қауіпсіздік жағдайы нашарлағанын мәлімдеді.