БҰҰ Бас хатшысы АҚШ пен Иран арасындағы қарулы қақтығыстардың күшеюіне, сондай-ақ Иранның Кувейт пен Бахрейнге соққы жасағаны туралы хабарламаларға алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар өңірден Ливандағы босқындар санының артуы, Газадағы гуманитарлық шектеулер және Йемендегі азық-түлік дағдарысының тереңдеуі жөнінде мәліметтер түсіп жатыр.
Антониу Гутерриш Иран мен АҚШ арасындағы шабуылдар салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза болуы туралы ақпараттарға алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барынша сабыр сақтауға және жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеуге шақырды. Оның айтуынша, бұл дипломатиялық келіссөздерге кері әсер етуі мүмкін.
БҰҰ басшысы барлық мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол азаматтық инфрақұрылымға жасалған кез келген шабуылды айыптап, халықаралық гуманитарлық құқық бойынша бейбіт нысандарға соққы жасауға қатаң тыйым салынатынын еске салды.
Ливандағы гуманитарлық жағдай
Ливанда гуманитарлық ахуал күн сайын күрделеніп келеді. БҰҰ мәліметінше, 1 маусымда Израиль әскері жариялаған эвакуация туралы бұйрықтан кейін тек Бейрут қаласының өзінде шамамен 200 мың адам оңтүстік маңайдағы аудандардан кетуге мәжбүр болған.
Қазіргі уақытта 135 мыңға жуық адам уақытша орналастыру орталықтарында тіркелген. Алайда бұл орталықтардың көбі лық толғандықтан, мыңдаған тұрғын ашық аспан астында түнеуге мәжбүр.
Соғыс қимылдарының денсаулық сақтау жүйесіне әсері де алаңдатып отыр. Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 маусымдағы әуе шабуылдары салдарынан бес адам қаза тауып, тағы 48 адам жараланған. Олардың арасында дәрігер мен бес медицина қызметкері бар.
Газадағы медициналық эвакуациялар
Газа секторында да гуманитарлық операциялар көптеген қиындықтарға тап болуда. «Керем-Шалом» шекаралық өткізу бекетіне қол жеткізудегі кідірістер салдарынан ауруханалар мен тұщыландыру қондырғыларына қажетті алты жанармай цистернасын жеткізу мүмкін болмаған.
Соған қарамастан халықаралық ұйымдар дәрі-дәрмек, гигиеналық құралдар, көрпе мен шатырлар салынған мыңнан астам контейнерді жеткізді.
Соңғы екі аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Газадан шетелде емделу үшін жүзге жуық науқас және оларды алып жүрген 130 шақты адам эвакуацияланды. Дегенмен мыңдаған тұрғын әлі де сектор ішінде көрсетілмейтін мамандандырылған медициналық көмекке мұқтаж.
Йемендегі азық-түлік дағдарысы
БҰҰ Йемендегі азық-түлік жағдайының да күрт нашарлап бара жатқанын мәлімдеді. Ұйым деректеріне сәйкес, үкімет бақылауындағы аумақтарда тұратын шамамен бес миллион адам немесе әрбір екінші тұрғын азық-түлік тапшылығының жоғары деңгейіне тап болған.
Маусым мен қыркүйек аралығында мұндай жағдайдағы адамдар саны 5,4 миллионға жетуі мүмкін.
БҰҰ агенттіктері шұғыл қаржыландыру мен ауқымды гуманитарлық көмек көрсетілмесе, миллиондаған адамның аштыққа, дұрыс тамақтанбауға және күнкөріс көзінен айырылуға ұшырау қаупі бар екенін ескертті.
Осыған байланысты БҰҰ 2026 жылға арналған Йемен бойынша гуманитарлық әрекет жоспары аясында 12 миллион тұрғынға өмірлік маңызы бар көмек көрсету үшін 2,16 млрд доллар көлемінде қаржы сұрады.
Бұған дейін Израильдің бітім жарияланғаннан кейін де Ливан аумағына соққыларын жалғастырғаны хабарланған болатын.