Йеменде билік пен оңтүстіктегі күштер арасындағы қақтығыс ушыға түсті

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының қолдауына сүйенетін Йемен үкіметі елдің шығысындағы Хадрамаут провинциясында операция басталғанын мәлімдеді. Бұл қадам хуситтерге қарсы лагерь ішіндегі келіспеушіліктің күрт ушығуы аясында жасалды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Йемен билігінің хабарлауынша, операция «бейбіт сипатта» жүргізіледі және бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктері қолдайтын Оңтүстік өтпелі кеңестің бақылауына өткен әскери нысандарды қайтадан мемлекеттік бақылауға алу мақсатын көздейді.

Шешім Хадрамаут провинциясының губернаторы Салем Ахмед Саид әл-Хунбаши тарапынан жарияланды. Оған өңірдегі барлық әскери, әкімшілік және қауіпсіздік өкілеттіктері берілген.

Губернатордың айтуынша, бұл соғыс жариялау емес, керісінше, әскери лагерьлердің қауіпсіздікке қатер төндіру үшін пайдаланылуына жол бермеу және Хадрамаутты тұрақсыздыққа ұрындырмау мақсатында қолға алынған шара.

Сонымен қатар Оңтүстік өтпелі кеңестің өкілдері операция жарияланғаннан кейін көп ұзамай Сауд Арабиясының әскери авиациясы әуеден соққы жасағанын мәлімдеді. Олардың дерегінше, кемінде жеті әуе соққысы тіркелген, оның үшеуі желтоқсан айында кеңес бақылауына өткен Аль-Хашаа әскери лагеріне бағытталған. Бұл лагерь бірнеше мың әскери қызметкерді орналастыруға қабілетті ірі нысан саналады.

Оңтүстік өтпелі кеңестің өкілі Амр әл-Бид Сауд Арабиясын халықаралық қауымдастықты жаңылыстырды деп айыптап, бейбіт операция ретінде жарияланған шараның іс жүзінде әскери күш қолданумен жалғасқанын айтты.

Сауд Арабиясы тарапы әуе соққыларына қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

БАҚ деректеріне сәйкес, Сауд Арабиясы қолдайтын күштерге тиесілі бронетехника Аль-Хашаа лагеріне қарай жылжытылған. Ал Оңтүстік өтпелі кеңес өз бөлімшелерін толық жауынгерлік дайындыққа келтіріп, қатаң жауап беруге дайын екенін ескертті.

Бұл жағдай Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы келіспеушіліктің тереңдей түсуімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұған дейін екі ел Йемендегі әскери науқанда негізгі серіктес болған. Алайда соңғы уақытта олардың ұстанымдары тек Йеменде ғана емес, өңірлік және экономикалық мәселелер бойынша да алшақтай бастаған.

Оңтүстік өтпелі кеңес өз күштерінің елдің оңтүстігіндегі провинцияларда қалатынын мәлімдеп отыр. Ал Сауд Арабиясы мен ресми Йемен үкіметі бұл жасақтарды аталған өңірлерден шығаруды талап етуде.

Сонымен қатар Аден халықаралық әуежайы төңірегіндегі дағдарыс та сақталып отыр. Кей деректерге сәйкес, сауд делегациясы мінген ұшаққа қонуға рұқсат берілмегеннен кейін әуе қатынасы уақытша тоқтатылған.

Сауд Арабиясының Йемендегі елшісі Мұхаммед әл-Джабер Оңтүстік өтпелі кеңес жетекшісі Айдарус аз-Зубейдиді рейстерге кедергі келтірді деп айыптаса, кеңес өз кезегінде Эр-Рияд әуе қатынасына шектеу қойды деп мәлімдеді.

Аден әуежайы хуситтердің бақылауынан тыс аймақтар үшін негізгі әуе қақпасы саналады. Оның жабылуы гуманитарлық және логистикалық тәуекелдерді күшейтіп отыр.

Айта кетейік, Йемен 2014 жылдан бері қақтығыс жағдайында өмір сүріп келеді. Сол жылы Иран қолдайтын хуситтер қозғалысы ел астанасы Сана қаласын бақылауға алған. Қазіргі жағдай хуситтерге қарсы күштердің өз ішінде де терең дағдарыс қалыптасқанын көрсетіп отыр.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы Йемен портына соққы жасады.