АСТАНА. KAZINFORM — Йеменде хуситтер мен халықаралық деңгейде мойындалған үкімет күштері арасындағы қарулы текетірес күшейіп, қаза тапқандар саны артып келеді. Тараптар арасындағы қақтығыс шиеленісіп тұр.
Фото: Anadolu
Йеменнің оңтүстігіндегі Шабуа провинциясында дүйсенбі күні хуситтердің үкіметтік қауіпсіздік күштерінің оқу-жаттығу лагеріне жасаған зымыран соққысынан 58 адам қаза тауып, 200-ден астамы жарақат алды. Бұдан бөлек тағы 14 адам хабар-ошарсыз кетті. Бұл туралы провинция губернаторы Авад әл-Вазир мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, хуситтер оқу-жаттығу сабақтары өтіп жатқан кезде Джардан ауданындағы Әл-Алам лагеріне үш баллистикалық зымыран ұшырған.
Шабуыл кезінде лагерь аумағында полиция мен ішкі қауіпсіздік күштерінің қатарына қосылу үшін арнайы даярлықтан өтіп жатқан жаңа сарбаздар болған.
The Guardian басылымының хабарлауынша, зардап шеккендер провинцияның әкімшілік орталығы Атак қаласындағы ауруханаларға жеткізілген. Жараланғандардың көп болуына байланысты медициналық мекемелерде донорлық қан тапшылығы туындап, ауыр халдегі науқастардың бір бөлігі көршілес Хадрамаут пен Аден провинцияларындағы медициналық мекемелерге ауыстырылған.
Йемен Президенттік басқару кеңесінің төрағасы Рашад әл-Алими шабуылды қатаң айыптап, оған тиісті жауап қайтарылатынын айтты. Оның сөзінше, қаза тапқандар қауіпсіздік органдарында қызмет етуге даярланып жатқан жасақ құрамында болған.
Оның сөзінше, нысанды саудиялық офицерлер басқарған. Олардың арасында да қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Сауд Арабиясының билігі бұл мәлімдемеге қатысты әзірге пікір білдірмеді.
Қыркүйектің басынан бері бұл Йемендегі ең көп адам қаза тапқан шабуыл болды.
Қақтығыс хуситтердің Қызыл теңіз жағалауы арқылы стратегиялық маңызы бар Баб-әл-Мандеб бұғазына қарай шабуылын күшейтуінен кейін өрши түсті. Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы қолдаған үкіметтік күштер хуситтер бақылауындағы аумақтарды қайтару мақсатында «Йемен таңы» операциясын бастап, қарсы шабуылға көшті.
Баб-әл-Мандеб бұғазы маңында, сондай-ақ Таиз, Мариб және әл-Джауф провинцияларында кескілескен шайқастар жүріп жатыр. Хуситтер Таиз қаласын оқшаулауға күш салып, Сауд Арабиясының әуежайлары, мұнай нысандары мен әскери базаларына зымырандармен және дрондармен шабуыл жасап жатыр.
BBC мәліметінше, қазан айының басынан бері хуситтердің Сауд Арабиясының әуежайларына жасаған шабуылдарынан кемінде 19 адам қаза тапқан. Ал хуситтер бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, соңғы жеті аптада Сауд Арабиясының соққыларынан 141 адам көз жұмған.
Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметінің Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін 6 тамыздан бері ел аумағындағы қақтығыстардан кемінде 1 282 адам қаза тапқанын мәлімдеген.
Бұған дейін хуситтердің Адендегі президент сарайына жасаған шабуылынан 5 адам қаза тапқанын хабарлаған едік.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегі. 2024-2026 жылдары облыстық "Ақтөбе" қоғамдық-саяси газетінде қызмет еткен. Қазіргі таңда Kazinform халықаралық-ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.